Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

5400 теңге тұратын мобильді топ қызметі халыққа тегін болады – Денсаулық министрлігі

2020 жылдың 3 шілде 2020 21:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады», - деді министрліктен.

Мәлім етілгендей, мобильді бригадалар емханалар жанынан құрылған. Қызметі - коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау.

«Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұдан бұрынғы баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирусты жеңіл және симптомсыз көтеретін адамдарға көшпелі бригадалар қызмет көрсететінін хабарлаған болатын.

Ал вице-министр Ажар Гиният осы мобильді топтардың жұмыс тәртібін түсіндіріп берді.
Жоғары қарай