Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

6 желтоқсан. Туған күн иелері

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 6 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




80 жыл бұрын (1939-2015) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш КЕКІЛБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Президенті Аппаратының мәдениет және ұлтаралық қатынастар реферантурасының басшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 12- және 13-шақырылымының депутаты - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту комитетінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі 1-шақырылымының депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 13-шақырылымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік кеңесшісі. 1996-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Асар» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі. 2007-2010 жылдары - ҚР Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Абай атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері.




52 жыл бұрын (1967) «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші опера солисі Гүлзат Бейсенқызы ДӘУІРБАЕВА дүниеге келді.

Бернд Вайкель атындағы халықаралық әншілер байқауының (2002 жылы) және Астана қаласынды өткен Күләш Байсейітова атындағы әншілердің республикалық конкурсының (2002 жылы) лауреаты. 1985 жылы Алматыдағы Опера және балет театры жанындағы вокалдық хор студиясына оқуға түскен. 1985 - 1993 жылдары осы театрда хор әртісі болды. 1993 - 2000 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияның ән факультетін бітірді. 2001 жылдан Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі.

Қазіргі қызметін 2013 жылдан бері атқарып келеді.

Вердидің «Реквиемінен» сопрано партиясын, «Тоскасындағы» Тоска, «Богемада» Мими, Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында Татьяна, «Қарғаның мәткесінде» Лиза, «Иолантада» басты партия, Төлебаевтың «Біржан - Сарасында» Сара, Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Ақжүніс, Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операсында Әуес, Б.Жұманиязовтың «Махамбетінде» Зылиха партияларын орындап жүр. Гастрольдік сапармен Италия, Венгрия, Ресей қалаларында өнер көрсетті. Мәскеудің Үлкен театрының шақыруымен «Евгений Онегин» операсындағы Татьяна партиясын орындады (2003 жылы).

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған. Ш.Қалдаяқов халықаралық конкурсының, Б.Вайкль атындағы халықаралық әншілер конкурсының, К.Байсейітова атындағы әншілердің республикалық конкурсының лауреаты.




50 жыл бұрын (1969) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Зере Орынтайқызы ӨТЕБАЕВА дүниеге келді.

Мәскеу экономика және құқық институтын және Ресей ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының аспирантурасын бітірді. Заңгер, саяси ғылымдар кандидаты.

1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінде жетекші маман, бас маман, құқықтық және ұйымдастыру жұмыстары департаментінің бөлім бастығы. 2001-2008 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісінде комитеттермен жұмыс бөлімінің консультанты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті хатшылығының консультанты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комиеті қызметін қамтамасыз ету бөлімінде заңнама бөлімінің бас консультанты, бас консультант, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2008-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңерушісі. 2016-2019 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қазанынан.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай