Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.10
EUR 454.34
RUB 5.82
CNY 57.62

7 сәуір. Туған күн иелері

2020 жылдың 7 сәуір 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 7 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР





149 жыл бұрын (1871 ж. кей деректерде 1883 жылы) қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдессіз палуан, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ Қажымұқан МҰҢАЙТПАСОВ дүниеге келді.

Құжат бойынша қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алайда оның туған жеріне де, туған жылына да қатысты басқа да пікірлер бар. Қажымұқан 17 жасқа толмай жатып, мықты палуан ретінде таныла бастады. Оның Ақмола облысы бойынша барлық атақты палуандарды жеңгені туралы әңгіме бүкіл қазақ даласына тез тарап кетеді. Ал 18 жасында оны циркке жұмысқа шақырған.

1905 жылы Қажымұқан алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Харбинде өткен жарыста Мұңайтпасұлы «джиу-джитсу» күресінен алтын медаль жеңіп алды. Осы додадан кейін «Маньчжурия чемпионы» деген атаққа ие болды. Ал бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста топ жарды.

Швецияның Гётеборг қаласында өткен француз күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, осы күрес бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болды.

1910 жылы Еуропа және Ресей палуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен мараппатталды.

Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс Петров және тағы басқа атақты спортшылардан басым түсті.

Қажымұқанды Варшавада өткен халықаралық жарысқа шақырады, ол жерде Қажымұқан атақты Поль Абс, Ресей чемпионы Иван Яго және неміс палуаны Вейланд-Шульцпен кездеседі. Қажымұқан алтын медальды жеңіп алса, Лаубе мен Поль Абс күміс және қола медальдарына ие болды. Жарты жылдан кейін Қажымұқан Варшава біріншілігіне қатысу үшін, Польшаға қайтып келеді. Ол жүлделі орын алды, бірақ чех палуаны Карл Поспешил, әлем чемпиондары Карл Завт пен Георг Лурих одан жоғары орын алды.

1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді.

1913 жылдың аяғында Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан үлкен жетістіктерге жетті, 18 рет кілемге шыққан ол, еш жеңілген жоқ. Оның жеңгендерінің ішінде атақты неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс палуаны Петровтар болды.

1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста оның негізгі қарсыласы Вестергард Шмидт болды. Шмидтпен болған бұл күрес те Қажымұқанның жеңісімен аяқталады.

Азамат соғысынан кейін ол өзінің сүйікті ісіне кіріседі – Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды.

1926 жылы Қызылордада алғашқы кәсіби театр ашуға күш салды. Бұл театрда Әміре Қашаубаев, Қазақстан халық әртісі Қалибек Қуанышпаев, атақты ақын Иса Байзақов сияқты белгілі азаматтар өз өнерлерін бастады.

Қажымұқан 24 елде өнер көрсетіп жалпы 48 медаль жеңіп алған. Бұл есепке 1910 жылға дейін жеңіп алған наградалары кірмей қалған, олар Челябинсктің «Турци» циркінде болған өрттің кезінде жанып кеткен. Алайда осы медальдардың біреуі де не әйелдерінде, не балаларында сақталмаған.

Қазақтың Қажымұқаны туралы деректі және көркем фильмдер түсірілген. Бірқатар қалаларды көшелер, спорт нысандары оның есімімен аталады. Оңтүстік Қазақстан облысында музей ашылды. Палуанның құрметіне жыл сайын елімізде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді.





61 жыл бұрын (1959) «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мәжит Зейноллаұлы ШАЙДАРОВ дүниеге келді.

Ақмола қаласында туған. Целиноград медицина институтын, «Тұран» университетін бітірген. 1992-1995 жылдары - Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері. 1995-1997 жылдары - Ақмола медицина институтының доценті. 1997-2000 жылдары - Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері, бас дәрігері. 2000-2005 жылдары - Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары Астана қаласы 1-ші ауруханасының бас дәрігері. 2006-2008 жылдары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры болған. 2009-2010 жылдары - ҚР ДСМ Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры. 2010 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана медицина университеті» АҚ ректоры болған.

Қазіргі қызметінде - 2019 жылдың ақпанынан.





59 жыл бұрын (1961) «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Энвербекұлы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Экономист» мамандығы бойынша бітірді.

1982 - 1984 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау жанындағы Процестерді автоматтандыру және басқару құрылымын жетілдіру жөніндегі Ғылыми-зерттеу институтының технигі, инженері. 1984 - 1986 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының комсомол комитетінде жұмыс істеді. 1986 - 1988 жылдары - АХШИ ХШЖ кафедрасының машықтанушы-зерттеушісі. 1988 - 1992 жылдары - Қазақ КСР Қазгидрометінде экономист, жоспарлық-өндірістік бөлімі бастығының орынбасары. 1992 - 1997 жылдары - «Алком» фирмасының өндірістік бөлімінің бастығы. 1997 - 1998 жылдары - «Акцепт» ЖШС директоры. 1998 - 1999 жылдары - ҚР Қаржы министрлігі жанындағы алкоголь өнімдерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы. 2000 - 2001 жылдары - «Адани» ЖШС директоры. 2001 - 2008 жылдары- «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры» ҚҚ директорының бірінші орынбасары. 2004 - 2008 жылдары - «ҚБТУ» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. 2008 - 2012 жылдары - «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры» ҚҚ директорының кеңесшісі.

2016 жылғы тамыздан бастап қазіргі қызметінде, Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.





45 жыл бұрын (1975) Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Қыпшақұлы МЫРЗАКЕРОВ дүниеге келді.

Жезқазған облысы Ағадыр ауданы Ағадыр ауылында туған. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтанушы мамандығы бойынша бітірді.

1997 жылдан бастап 2009 жылға дейін әскери прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда болды. 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейін Бас әскери прокурорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2013-2018 жылдары Павлодар облысы прокурорының орынбасары лауазымын атқарды. 2018 жылдың мамыр-шілде айларында Үкімдердің заңдылығын бақылау қызметі бастығының орынбасары болды. 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы үкімдердің заңдылығын бақылау қызметінің бастығы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың сәуір айынан бастап.





26 жыл бұрын (1994) қазақстандық опера әншісі Мария Мудряк дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. 3 жасынан бастап Оқушылар сарайында вокалды үйрене бастады, осы жерде сахнада алғашқы рет өнер көрсетті. 5 жасында Павлодар қаласының №1 музыкалық мектебінің фортепияна бөліміне түсті. 2004 жылы 10 жасында Италияның Милан қаласында опералық вокалға үйрене бастады, қазіргі уақытта да Миланда тұрады. Италияда орта және жоғары білім алды. Милан консерваториясын тәмамдады (2012 ж.)


11 - 13 жас аралығында «Воче Бьянки» хорының құрамында «Ла-Скала» театрының бірнеше қойылымында өнер көрсетті. 12 жасында Қазақстан Республикасының «Болашак» Президенттік бағдарламасымен келісімшартқа отырып, «Scuola Musicale di Milano» жеке меншік мектебінде білім алды. Опералық ән сыныбында Ла-Скала Театр академиясының танымал опера әншілері сабақ берді - маэстро Карло Гайфа және маэстро Мария Бьянка Казони. Бір уақытта Дж. Верди атындағы Милан Мемлекеттік консерваториясына түсті. Қабылдау емтихандарында үздік көрсеткіштер көрсетіп, 14 жасында оқуға қабылданды. Опералық вокал сыныбын Деметрио Колачимен өтті. 18 жасында үздік диплом алды.


М.Френи, Л.Серра, К.Гайфа, М.Казони, К.Ваннини, П.Барбачини, Т. Фаббричини, М. Бэрти, А. Кончетти, В. Эспозито, Д. Тернер, Т.Хампсон сынды біртуар опера әншілерімен шеберлік – сыныбын өтті.

2015 жылдың қаңтарынан «Астана – Опера» театрының солисі.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай