Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 431.03
EUR 471.76
RUB 5.85
CNY 61.32

Абай-175: Қызылордада республикалық ақындар айтысы өтті

2020 жылдың 18 ақпан 2020 02:13

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласында «Ұлы даланың ұлағаты» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл шара қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық айтыс Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Мәдени шара алдында қалалық жастар театрының әртістері Абай жайында арнайы қойылымды сахналады.

Айтыста Бекарыс Шойбеков, Дидар Қамиев, Рүстем Қайыртайұлы, Нұрмат Мансұров, Дидар Аббасов, Біржан Байтуов, Мұрадым Мейірланов, Ержеңіс Әбдиев, Ержан Әміров және Бексұлтан Орынбасаров сынды белгілі өнерпаздар сөз сайысына түсті. Дүбірлі доданы екі мәрте «Алтын домбыра» иегері, «Айтыстың ақтаңгері» атанған қызылордалық Мұхтар Ниязов жүргізді.





Сөз сайысына жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы қазылық жасады.

Айтыста үшінші орынға Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков ие болса, Арқаның ақтаңгер ақыны Дидар Қамиев екінші орын алды. Ал бірінші орын қызылордалық Ержеңіс Әбдиевке бұйырды. Республикалық айтыстың бас жүлдесіне семейлік Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылды.

Бұдан бұрын Қызылордада Абайдың 175 жылдығына орай қандай іс-шара өтетінін хабарлаған едік.





Жоғары қарай