Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Абай аманатын орындау бақыты Елбасының еншісінде болды – сарапшы

2020 жылдың 8 қазан 2020 13:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқи отырып, Абай Құнанбайұлының кемеңгерлігі мен шығармашылығына терең бойлап, сол арқылы Елбасының тұлғалық болмысын тағы бір жаңа қырынан көруге мүмкіндік туды. Абай Құнанбайұлы қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысқан аралық тұсында қазақ халқы үшін дара туған тұлға болса, сол Абайдың даналығымен, халқына деген асқан жанашырлығы және сүйіспеншілігімен сусындап, Абай шығармаларын өмірлік бағдары ретінде ұстанып келген Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстанның сын сағатта тізгінін ұстаған Көшбасшысы болды», - дейді сарапшы.

Мақалада Елбасы Абайды тануы бесіктен, анасы мен әжесінің тәрбиесінен бастау алғанын, одан кейін ел тағдырына қатысты әрбір маңызды, жауапты шешімдердің Ұлы Абайдың қағидаларын басшылыққа ала отырып қабылданғандығымен бөлісті. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан Абайдың аманатын орындау бақыты Елбасының еншісінде болғанын да зор мақтанышпен жеткізген: «Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін».

«Абай Құнанбайұлының ел тарихындағы баға жетпес орнын, оның бай мұрасының қоғам үшін маңыздылығын, нақыл сөздерінің ғасыр өтсе де өміршеңдігін терең түсінген Елбасы, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарына қарамастан дана да дара Абайдың 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде, ЮНЕСКО шеңберінде атап өтуге шешім қабылдап, нар тәуекелге барғанын да есімізге салып өтті. Сол мерейтойлық іс-шаралар барысында Абайды одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық деректерін қайта жаңғырту, әдеби, философиялық және музыкалық мұрасын пайымдау, әлемдік деңгейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыстар атқарылғандығы, ақын шығармаларының екі томдық академиялық жинағы, «Абай» энциклопедиясы жарық көргені, Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрылғаны мақалада баяндалған», - дейді Ә. Назарбетова.

Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығы адамзат басына түскен күрделі кезеңге қарамастан, тиісті деңгейде республика ауқымында, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер аясында өтіп жатыр.

«Шаралардың мақсаты – Абай мұрасын заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығында. Айта кетерлігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар реті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан бастау алған болатын», - дейді Әсел Назарбетова.


Жоғары қарай