Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Абай әні Түркияның Каппадокия өңірінде шырқалды

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 19:43

АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесін тойлау шаралары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік тойы 11 желтоқсанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ресми қабылдауымен басталды. Ресми қабылдауға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобы арнайы келді.

12 маусымда 50-ден астам қазақстандық өнерпаз Анкара тұрғындарына концерт қойды және бүгін Түркияның ең танымал туристік аймағы - Каппадокияда өнер көрсетті.

«Бұл айтулы шараға Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің шақыруымен келдік. Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесіне орай, Түркияның бірнеше қаласында өнер көрсету жоспарда бар. Әсіресе, ұлттық музыкамызды Каппадокия сынды турист көп келетін тарихи орындарында насихаттау да ұтымды шешім болды», - деді Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Концерттік бағдарлама Түркештің «Көңілашарымен» басталды. Қорқыттың «Желмая», Құрманғазының «Адай», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармалары орындалды. Сонымен бірге, Мемлекеттік филармония солисі Алтынбек Әбілда Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқады.

Айта кетейік, Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобы бүгін Ниде қаласында, 14 желтоқсанда - Бурсада, 16 желтоқсан күні Ыстанбұл қаласында концерт қояды.




Айта кетерлігі, Каппадокия – шетелдіктер үшін қызықты Түркияның туристік нысан­дарының бірі. Ежелгі дәуірде және орта ғасырларда Каппадокия сарайларымен әйгілі болған. Сол сарайлар, жерасты қалалары, үңгірдегі үйлер, түрлі пішінді таулар, жартас қуысына ойып салынған шіркеулер туристердің қызығушылығын тудырады.


Жоғары қарай