Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Абайға ескерткіш қойылған әлем елдерін велосипедпен араламақпын – алматылық саяхатшы

2021 жылдың 27 желтоқсан 2021 14:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық әуесқой саяхатшы Дамир Кушеев қазақтың ұлы ақыны Абайға ескерткіш қойылған әлем елдерін велосипедпен аралап өтпек. 35 жастағы алматылық азамат ақынның құрметіне арналған әлемдік сапары туралы жоспарымен ҚазАқпарат тілшісімен бөліскен еді.

«Менің велосипедпен саяхаттаудағы басты мақсатым – ішкі туризм мен салауатты өмір салтын насихаттау. Өз елімізден бөлек, шетелге де саяхаттауды бастап кеттім. Мендегі ниет шетелдіктер Қазақстанды жақын тани түссе, біздің елге турист болып келсе. Себебі елімізде туристік әдемі жерлер жеткілікті. Біздің елдің табиғаты ерекше. Өз ойым мүмкіндік барда ел, жер көріп, жан дүниесін дамыта түскен дұрыс деп ойлаймын. Біз алғашқы сапарды (бауырыммен бірге) Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай Алматыдан Семейге жаяу барудан бастадық. «Абай» қоры бізге арнайы төсбелгі тағып, құрмет көрсетті. Осы орайда «Абайға апарар жол» жобасы аясында алдағы уақытта ұлы ақынның құрметіне арналған сапарым жалғасын табады», - деді Дамир Кушеев.

Сондай-ақ, велосаяхатшы биыл жазда Түркияға барып, ондағы Абай ескерткіштеріне құрмет көрсеткен.

«Түркияға сапар барысында Абай атамыздың ескерткіштеріне барып тағзым еттім. Ұлы ақынға Ыстанбұл, Анкара және Анталья қаласында ескірткіш қойылған. Айтпақшы, Анкарада ақынның құрметіне 2 бірдей ескерткіш орнатылған», - дейді ол.




Жерлесіміздің ендігі жоспары Абай ескерткіші орналасқан әлемдегі барлық елдер мен қалаларды велосипедпен аралап шығу.

«Әлемнің біраз елінде Абайға ескерткіш қойылған. Оның қатарында Италия, Франция, Ресей, Қытай, Мажарстан, Мысыр және тағы басқа елдер бар. Осы тұрғыда ұлы ақынға ескерткіш қойылған әлем қалаларын велосипедпен аралап өтпекпін. Өзіме осындай тапсырма қойып отырмын», - деді алматылық саяхатшы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Дамир Кушеев Оңтүстік Корея астанасы Сеулден Пусан қаласына велосипедпен бармақ. Қазір ол Сеулге жетті және оны 700 шақырымдық жол күтіп тұр.

Айта кетейік, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында да Абай ескерткіші бар.











Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: #Аbai175,
Жоғары қарай