Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Абзал Сапарбекұлы: Түркі ынтымақтастығын дамытуға көрсетілген құрмет

2019 жылдың 6 маусым 2019 09:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді. Бұл тарихи оқиға Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлуның елімізге сапарымен тұспа-тұс келген болатын. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газетінде Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың даму бағыты жайында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлымен сұхбаты жарияланған. «ҚазАқпарат» ХАА сұхбаттың толық мәтінін ұсынады.

- Қазақстан тәуелсіздік алғанда алғаш құттықтаған Түркия екенін біле­міз. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастың іргесі беки түс­ті. Қазіргі таңда қарым-қаты­насымыз қай бағытта өріс алып отыр?

- Біздің қарым-қатынастарымызды достық сипатта деп бағаласақ, толық мәнін ашпағанымыз. Біздің байланысымыз бауыр­ластыққа негізделген. Себебі біз - туысқан халықтармыз, ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бар, тілдеріміздің түбі бір, әдет-ғұрпымыз да қатты ұқсайды. Осы­ларды негізге ала отырып, тәуелсіздік жылдарындағы дамыған қарым-қаты­настар сол кезеңде қалыптасқан ортақ құн­дылықтар шеңберінде одан әрі дамып келеді.

Ортақ байланысымыздың маңызды бір белесі - Елбасының бастамасымен құрыл­ған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі. Бұл - екі елдің ортақ аймақтық платформада бір-бірімен ұштасып жатқан, келешекке ортақ ұста­ным, көзқараспен қарайтын үлкен алаң. Халықаралық Түркі академиясы да екі елдің арасындағы ынтымақтастық механизмдерінің бірі. Елдер арасындағы қарым-қатынасты үй деп санасақ, мұн­дай ұйымдар ынтымақтастықтың бір кірпіші секілді. ТүркСОЙ, Түркі елде­рінің Парламенттік Ассамблеясы, Түркі елдерінің іскерлер кеңесі, Түркі мәде­ниетінің ортақ «Мирас» қоры - түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыратын ортақ құндылықтар.

Елбасы 1991 жылдан бері Түркияға 24 рет барған. Ал Түркия басшылары біздің елімізге 15 рет, премьер-министрлері 6 рет келген екен. Яғни, әр жыл сайын мем­­лекет басшылары кем дегенде екі рет бір-бірімен әртүрлі деңгейде кезде­сіп отырған. Бұл - екі ел арасындағы жоғары ынтымақтастықтың бір үлгісі. Оның сыртында парламентаралық, үкімет­аралық қарым-қатынас, сыртқы істер министрліктерінің арасында байланыс орнатылған.

- Наурызда Қазақстан тарихындағы тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Түркия тарапы Елбасының саяси шешімін қалай қабылдады?

- Түркияның саяси истеблишменті, зиялы қауымы, жалпы қарапайым халқы арасында Елбасының беделі өте жоғары. Анадолыда Елбасын Түркі әлемінің арасындағы ынтымақтастықтың ең ықпалды саясаткері, мемлекеттік тұлғасы деп есептейді. Түркі әлемі халықтарын жақындатудағы ол кісінің рөлі ерекше деп бағалайды. Оны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсеткен басшы деп біледі. Н.Назарбаевты Түркі әлемінің көшбасшысы, Түркі әлемінің ақсақалы ретінде қабылдайды. Былайша айтқанда, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Елбасына құрметі ерекше. Халықаралық Түркі академиясы жүр­гізген бір сауалдамада «Қазіргі заманда Түркі әлемінің ең ықпалды көш­басшысы кім?» деген сұ­раққа Нұрсұлтан Назарбаевты көрсеткен.

Түркия Елбасының президенттік өкі­лет­­тігін мерзімінен бұрын тоқтату ше­ші­­міне айрықша назар аударды. Түрік­тер мұн­дай шешім қабылданған кезде таң­данысын жасыра алған жоқ. Сенер-сенбесін білмеген адам көп болды. Өйт­кені әлемде мұндай маңызды шешім қабылдаған басшы санау­лы. Түріктердің арасында қимастықпен қабылдағандар да табылды. Әлі де Түр­кі әлемінің ықпал­дастығын, саяси-эконо­микалық байланысын нығайтудағы рөлін жалғастыру керек еді деген пікірлер айтылады.

Алайда, Елбасының Nur Otan партиясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын жалғастыра беретіні, саяси мемлекеттік маңызды шешімдерге қолдау көрсететіні туралы мәлімдемелері түріктердің күмә­нін сейілтіп, сенімдерін арттырды. Қазіргі таңда Қазақстанның келешегі үшін осындай шешімнің қабылдануы өте дұрыс қадам делініп отыр.

- Мевлют Чавушоғлудың сапары барысында Елбасына Түркі тілдес мемле­кет­­тердің ынтымақтастық кеңесінің Құр­метті төрағасы мәртебесі берілді. Жал­пы, бұл бастама қалай шықты?

- Қазақстанның аймақта саяси-экономикалық тұрғыдан тұрақты болуы, Еуразия континентінде ықпалды ел болуы тікелей саяси түсіністікке байланысты. Сондай-ақ Түркия үшін тәуелсіздік жылдарындағы стратегиялық, бауырластық қарым-қатынастың одан әрі жалғасуы өте маңызды. Сондықтан Түркия тарапы Елбасы Н.Назарбаевтың түркі елдерінің ынтымақтастығын дамы­туға қосқан үлесін ескере отырып, лайық­ты баға беру қажеттігін жақсы түсінді. Елбасының тарихи шешімінен кейін екі күн өткен соң Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған осындай шешімге келіп, оны басқа әріптестеріне ұсынды. Ұсынысты түркі елдерінің басшылары бірден қолдады. М.Чавушоғлу сапары барысында осы ұсынысты жеткізді. Елбасы мұны зор ықыласпен қабыл алды.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, Құр­метті төраға мәртебесі - Елбасының Қазақ­стан мен Түркия, Түркі әлемі ара­сындағы ықпалдастықтың архитекторы ретіндегі оған деген құрмет­тің көрінісі. Ал Елбасы түркі интегра­циясының белді бір үйлестірушісі, дәне­кері, қамқоршысы, қолдаушысы ретіндегі жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.

- 9 маусымда елімізде президенттік сайлау өтеді. Осы саяси іс-шараға елші­л­ік­тің дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Алдағы президенттік сайлауды Түркия зор ықыласпен күтіп отыр. Сай­лау­ға шамамен 11 байқаушы келеді. Жо­ғары сайлау комиссиясынан екі байқа­у­шы, ЕҚЫҰ, осы ұйымның Парла­менттік Ассамблеясы, Еуропа кеңесі атынан өкілдер келеді. Бұдан бөлек, жеке бай­қаушы ретінде келетіндер бар. Шамамен Түркиядан он шақты байқаушы келмек.

Қазір Түркияда 3 сайлау учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстанбұл, Анталия қала­ларында орналасқан. Осы үш қа­лада да Қазақстанның өкілдіктері бар. Түр­киядағы екі мыңға жуық Қазақстан азаматы сайлаушы ретінде тіркелген. Елшілік халықты ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жалпы, сайлауға дайындық аса жоғары деп айта аламын.

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Прези­дент өкілеттігін атқаруын Түркия хал­қы қалай қабылдады?

- Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевты Түркия саяси басшы­лығы, интеллигенциясы тәуелсіздік жылдарында Елбасымызбен үзеңгілес болған әріптес ретінде есептейді. Елбасының қасында болып Қазақстанның көп­векторлы, көпдеңгейлі сыртқы сая­сатын қалыптастыруға, бағы­тын айқындауға және оны жүзеге асыруға көмектескенін жақсы біледі. Ол кісіні халықаралық деңгейдегі кәсіби дипломат ретінде бағалайды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанынан, бірнеше шет тілін еркін меңгеріп, Батыс және Еуропа елдерімен дипломатия саласында өнімді жұмыс істегенінен хабардар. Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкімет басшысы, Сенат Төрағасы, мемлекеттік тұлға ретіндегі қайраткерлігін үлгі тұтады.

Түркиядағы саясаткерлер ол кісі­мен тікелей әріптес болды. Әртүрлі ха­лық­аралық аренада қоян-қолтық жұмыс істеді. Мәселен, Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу екеуі бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан Түркия саяси истеблишменті, интеллигенциясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайраткерлігіне еш күмән келтірмейді. Ол кісінің бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытатынына, Қазақстанның Орталық Азиядағы, Шығыс пен Батыс, Азияғы құрлы­ғын­дағы сындарлы саяси бағыты одан әрі жалғасатынына сенімді.

- Түркиядағы қазақтар туралы айта кетсеңіз...

- Түркияда шамамен 20 000-нан астам қазақ бар. Олар Түркияның түрлі қалаларында тұрады. Алғаш өткен ғасырдың 70-жылдары көшіп келгенде Ниде деген қалада орналасқан. Онда әлі күнге дейін Алтай деген ауыл бар. Кейінірек көшіп келгендердің бірқатары Ыстанбұлға, бірқатары Еуропаға көшіп кетті. Бірақ әлі де 25 үй қалған. Ауыл әкімі - қазақ. Сонда жыл сайын қазақтардың басқосуы, фестивалі өтеді. Елшілік әрдайым қатысып, қолдау көрсетеміз. Ауылға баратын жолды жөндеп, ауыз су жеткізіп бердік. Енді балалар ойнайтын кішігірім футбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз.

Атап өтетін жайт, қазір Түркиядағы ең танымал музыкалық аспаптардың бірі - домбыра. «Түркия, домбыра» деп интернеттен іздесеңіз, көп видеоға кезігесіз. Мысалы, полиция қызметкерлері, қара­пайым түрік азаматтары домбыра тарт­қанды ұнатады. Көптеген саяси партиялар сайлау науқанындағы әндерінің біразын қазақтың күйлерімен әрлеген. Осылайша әндеріміз бен күйлеріміз саяси науқанда қолданылып жүр.

- Экономикалық байланыс туралы айта кетсеңіз.

- Түркия - Қазақстанның сауда-экономикалық әріптестігінде маңызды елдердің бірі. Мысалы, елімізде жұмыс істеп тұрған шетелдік компаниялар саны жөнінен Түркия екінші орынды иеленеді. Қазір елімізде екі мыңға жуық түрік компаниясы бар. Яғни, әр 20 компанияның біреуі Түркияға тиесілі. Тәуелсіздік жыл­дарында алдымен келген инвес­торлар да солар болды. Олар құрылыс, азық-түлік, тұтыну тауарларын шығару, туризм, қызмет көрсету салаларына алғашқылардың бірі ретінде араласты. Осы уақытқа дейін Анадолыдан елімізге шамамен 3 миллиард доллардай инвес­тиция құйылды. Өз кезегінде Қазақстан Түркияға 1 миллиард доллар шамасында инвестиция салды.

Екі ел арасындағы сауда-саттық биылғы алғашқы тоқсанда былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға артты. 2018 жылы тауар айналымы 1,9 миллиард долларды құрады. Былтыр экспорт көлемі 1,2 миллиард, импорт 700 миллион доллар болды. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарта түсу үшін Сыртқы істер министрлігі мен елшілік тарапынан бірқатар стратегиялық бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларға реинвестиция жасау, екіншісі - Түркиядағы алғашқы 500-дікке кіретін ірі компаниялармен тікелей жұмыс істеу.

Түркия - шағын және орта бизнесі жақсы дамыған ел. Ел экономикасын құ­рай­тын кәсіпорындардың шамамен 85 пайызы шағын және орта бизнес өкіл­де­ріне тиесілі. Экспорттың 70 пайы­зын ша­ғын және орта бизнес құрайды. Елшілік сол компанияларды Қазақстанға әкелу бо­йынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытудың бір бағыты - біздің елдің географиялық орны. Қазақстан - 18 миллион тұрғыны бар нарық қана емес, Орталық Азия, Ресей, Қытайға ашылатын үлкен қақпа. Сондықтан Түр­кия компания­лары Қазақстанда бизнес жүр­гізу үлкен мүмкіндік екенін жақсы түсінеді.

- Әңгімеңізге рақмет.

Басты сөздер: БАҚ, Түркі елдері, Түркия,
Жоғары қарай