Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әділбек Қаба тіл оқыту орталығы жайында пікір білдірді

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 19:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба тіл оқыту орталығы жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елімізде мектептердегі 1-11 сынып аралығында тіл үйретуден бөлек, 108 тіл оқыту орталығы бар. Осы орталықтарда елімізде өздері тілді үйренгісі келген, соған ынталы азаматтарды жинап, қазақ тілі оқытылады. Одан бөлек, бұл орталықтар өзге де шет тілдерін оқытады. Сонымен қатар, тағы жекеменшік тіл үйрету орталықтары бар, олардың саны 500-ге жуықтады. Шынын айту керек, бұл орталықтарда мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта, құлшыныс бұрынғыға қарағанда арта түсті», - деді Әділбек Қаба «Елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы және Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілді ұлықтау шаралары» атты дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда комитет басшысы қазақ тілін меңгеруді насихаттап қана қоймай, мемлекеттік тілді оқытудың әртүрлі жолдары мен әдістемелерін жасау керек екенін атап өтті. Бұл тұрғыда сайттар мен мобильді түрлі қосымшалар да әзірленген.




«Мемлекеттік органдардағы құжат айналымы бойынша үнемі мониторинг жасап отырамыз. Бұл жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Кейде құжаттар орысша жазылып, қасында қазақшасы бірге жолданады немесе аударма болып жүреді. Дегенмен, қазақ тіліндегі құжат айналымдарының қатары артып келеді», - Әділбек Қаба.

«Әрбір министрліктердің жанында терминологиялық салалық топтар бар. Сыртқы істер министрлігінің терминологиялық тобы терминдерді қалыптастыру бағытында өте жақсы жұмыс істеп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз десек, заңнама нормаларын бұзбай қызмет атқару керек. Бізге күнделікті хат келеді және оларда түрлі сайттарда мемлекеттік тілдегі жазбалардың сауатты берілуіне қатысты пікірлер бар. Осылардың барлығын алып, заңды бұзушы мемлекеттік органдарға жіберіп отырамыз. Сондықтан осы мәселеге назар аударсаңыздар», - деді комитет төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған дөңгелек үстел отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев ведомствода мемлекеттік тілге қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.














Жоғары қарай