Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ағаш кесуге рұқсат берген: ШҚО-да Орман шаруашылығы директоры 3 жылға сотталды

2022 жылдың 30 қаңтар 2022 13:48

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында табиғатқа 65,7 млн теңге залал келтірген орманшылар мен кәсіпкерлер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қаласының № 2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Өскемен орман шаруашылығы» кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қаралған. Сондай-ақ олардың бірі бопсалау арқылы бірнеше рет пара алғаны үшін айыпты болды.

Бұдан бөлек, А. және Ш. есімді кәсіпкерлерге қатысты ағаштарды заңсыз кесіп, ірі көлемде зиян келтіру фактісі бойынша сот ісі қаралды. Белгілі болғандай, олардың заңсыз әрекеттерінің кесірінен табиғатқа 65,7 млн теңге мөлшерінде залал келтірілген. Сот барысында айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындады.

«Өскемен орман шаруашылығының» директоры аудандық орман шаруашылығы мекемелері басшыларымен сөз байласып, 2020 жылдың мамыр айынан 2021 жылдың ақпанына дейінгі аралықта Ш. мен А.-ға заңсыз ағаш кесуге мүмкіндік берген.

Сот орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлеріне түрлі жаза тағайындады. Соның ішінде «Өскемен орман шаруашылығының» басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Сот үкімі бойынша орманшылар 1 жыл 6 айдан – 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Ал кәсіпкерлер Ш. және А. 3 жыл мерзімге ағаш кесу саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.


Жоғары қарай