Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Аграрлық ғылымды дамытып, кадр даярлайтын Зерттеу университеті құрылды

2020 жылдың 29 мамыр 2020 14:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық универстиеті (ҚАТУ) Зерттеу университеті болып трансформацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Енді Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығына қарасты С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің құрамына 3 ғылыми-зерттеу институты кіреді. Олар - А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Қазақ орман шаруашылығы, агроорманмелиорациясы ғылыми-зерттеу институты, Нұр-Сұлтан қаласындағы қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ және Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай нақты шешім қабылдады», - делінген ҰАҒБО баспасөз қызметінің мәліметінде.

Осылайша, ҚАТУ әлемнің жетекші университеттері сияқты аграрлық ғылым мен кадрларды даярлаудың қазіргі заманғы моделіне көшеді. Аталған модельде зертхана-аудитория және өндіріс өзара байланысты жүйемен біріктіріледі. Универистет осы мақсатта әлемдегі жетекші аграрлық университеттер: UC Davis (АҚШ) және AgroParisTech-пен (Франция) бірге ҚАТУ-ды дамытудың алдағы 5 жылдық бағдарламасын әзірледі.

Оның ерекшелігі мынада:

1. Зерттеу университетінде шетелдік жетекші ғалымдармен бірлесіп жүзеге асырылатын ғылыми бағдарламалар мультипликативті нәтижесімен тиімді. Яғни, АӨК-нің өзекті мәселелерін шешетін ғылыми әзірлемелермен бірге, осындай жаңа бағдарламалар негізінде заманауи ғылыми кадрлар дайындалады. Әрбір ғылыми зерттеудің нәтижесі студенттер үшін бірден жаңа білім беру бағдарламаларына айналады.

2. Білім алушыларды практикалық басымдықпен оқыту күшейтіледі, олар студенттік кезден ғылыми жұмысқа тартылатын болады. Сондықтан аграрлық факультеттердің жоғары курс студенттері, магистранттар, докторанттар ҒЗИ және тәжірибелік станция базасындағы кампустарда тұрып оқиды. Бүгінгі күні ҚАТУ шетелдік әріптестер көмегімен оқу бағдарламаларын жаңғыртуды бастады. Егер олардың барлық ұсыныстарын орындау мүмкін болса, 5 жылдан кейін ҚАТУ-дың магистрлік дипломы AgroParisTech университетінде де мойындалатын болады.

3. Зерттеу университеті фермерлер үшін білім тарату орталығына («extension services») айналады (аграрлық мамандарды қайта даярлау). Жетекші аграрлық университеттерде «extension services» жүйесі ғылымды өндіріспен байланыстыратын «көпір».

Осылайша, ҚАТУ республикадағы АӨК-де қазіргі заманғы және ең ірі зерттеу әрі білім беру орталығына айналмақ. Университетте оған қажетті барлық ғылыми, өндірістік инфрақұрылымдар бар.


Жоғары қарай