Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аграрлық несие корпорациясының мемлекеттік кепілдік алу рәсімін жеделдету керек - депутат

2021 жылдың 3 наурыз 2021 12:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев Аграрлық несие корпорациясының мемлекеттік кепілдік алу рәсімін жеделдетуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің атымызға шаруа қожалықтарынан ішкі нарықты отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз етуге бағыталған «Қарапайым заттар экономикасы» аясында агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру мәселесін қозғаған өтініштер түсуде. Аталған жобаны қаржыландыруға 1 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат - агроөнеркәсіптік кешеніндегі өңдеу мен өндіру және өңдеу өнеркәсібі бағыттары бойынша басым жобаларды қаржыландыруға бағытталып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға алғашында тек екінші деңгейлі банктер жіберілген еді. Бірақ, аталған банктер ауылдағы жобаларды қаржыландыруға деген ынтасының төмендігімен қатар, ондағы үй-жайларды кепіл мүлік ретінде қабылдамайтындығы өздеріңізге белгілі», - деп тоқталды депутат Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Осы жағдайды еске отырып, Аграрлық несие корпорациясы бағдарламаны іске асыруға енгізіліп, агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобаларды несиелендіруге 100 млрд теңге бөлінді.

«Өткен жазда Ұлттық банктің ұсынысы бойынша аталған бағдарламаға енгізілген түзетулердің 6-пакеті аясында Аграрлық несие корпорациясының лимиті тағы да 70 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Алайда, Аграрлық несие корпорациясынан қаражат алу үшін Үкіметтің кепілдігі керек. 2020 жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Р. Склярдің төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық кеңестің отырысында «ҚазАгро»: - «жарияланған мемлекеттік кепілдік алу процедурасы алты айдан бір жылға дейін созылатынын» хабарлады. Содан бері 6 ай өткенімен, мемлекеттік кепілдікті алу рәсімдері бастапқы кезеңде тұр. Бағдарламаның үстіміздегі жылы аяқталатынын ескерсек, бөлінген 70 млрд теңге қаражат игерілмей қалуы мүмкін. Ал шаруа қожалықтарының бұл қаражатты күтетін уақыттары жоқ және жоғары пайызбен несие алу оларға тиімсіз», - деп түсіндірді Ғалым Әміреев.

Оның пайымынша, шаруашылықтарға Аграрлық несие корпорациясының несие және кепілдік саясаты қолайлы.

«Мысал ретінде айтсақ, Қызылорда облысында мақұлданған 111 жобаның 82-сі немесе 74 пайызы Аграрлық несие корпорациясының еншісінде. Дәл осындай жағдай елдің басқа да аймақтарында қалыптасты. Соңғы кездері өндірісті әртараптандыру шеңберінде кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлуде. Пандемияға қарамастан бір жылдың ішінде Қызылорда облысында жұмыс жасап тұрған шаруа қожалықтарының саны 30 пайызға артып отыр. Ал олар жеңілдетілген несиеге мұқтаж», - деді депутат.

Осы орайда ол агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік берудің маңыздылығын ескере отырып, Үкімет басшысынан осы мәселені бақылауға алуды және Аграрлық несие корпорациясының мемлекеттік кепілдік алу рәсімін жеделдетуді сұрады.


Жоғары қарай