Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ахмет Байтұрсынов туралы фильм түсіріліп жатыр

2021 жылдың 16 қараша 2021 18:49

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Соңғы үкім» фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылуда.

Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына арналған.

Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов «Жаңғақ ағашы» фильмі үшін Пусан халықаралық кинофестивалі (Оңтүстік Корея) «Жаңа ағымдар» секциясының гран-при иегері. Режиссердің «Уақыт жолдары» атты соңғы картинасы осы жылы Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмурзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.

Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды.

Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.




«Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов туралы фильм. Оның өмірі, қоғамдағы істері және ең бастысы, оның күресі туралы. Мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсіріліп жатқан үлкен жоба. Байтұрсынов – біздің ұлттың мақтанышы. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахаңның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек», - дейді актер Азамат Сатыбалды түсірілім алаңында журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, картинаға Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев түсуде.

Түсірілімнің негізгі локациялары – Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен. Жыл соңына дейін авторлар 14 ауысымды түсіруді жоспарлап отыр. Фильмнің негізгі бөлігі келесі жылы түсіріледі.











Жоғары қарай