Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аида Балаева: Ақпаратты тұтынудың қарқынды өсуі адамдардың «ақпараттық фаст-фудты» сіңіруге дайын екенін көрсетті

2021 жылдың 16 қыркүйек 2021 16:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева XVII Еуразиялық медиа форумда коронавирус пандемиясындағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияда ақпараттық кеңістік коронавируспен күресудің маңызды құралына айналды. БАҚ алдыңғы қатарда болды және сараптамалық пікірлер таратып, түрлі бейнероликтер мен арнайы бағдарламалар жасады. Олар мемлекеттің стратегиясын да, қоғамдық денсаулықты сақтау үшін жеке жауапкершілікті де түсіндіруге бағытталды. Карантин кезіндегі БАҚ жұмысы екі кезеңде жүргізілді. Бірінші кезеңде карантиннің қажеттілігін түсіндіру маңызды болды, ал локдаунның ең жоғары сәттерінде пандемияның әсерін жеңілдету үшін қабылданған жеке қауіпсіздіктен мемлекеттік қолдау шараларына дейінгі дәлелдер келтірді. Біздің БАҚ бүкіл әлем сияқты толығымен ақпараттық тұрлаусыздық жағдайында әрекет ете отырып, бұл міндетті орындай алды деп ойлаймын. Қазір өтіп жатқан екінші кезеңдегі басты міндет – жаппай вакциналау қажеттігі мен ұжымдық иммунитетті дамытудың нәтижесі болып отыр», - деді министр форумның «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?» сессиясында.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан вакциналаудың 60%-на жетті, бұл тек мемлекеттік аппараттың ғана емес, жүйелі ұйымдастырушылық жұмыстың да нәтижесі болды.

«Мұнда БАҚ рөлі асыра бағаланды деп айту қиын, өйткені олардың «Жақындарыңыздың өмірін бағаласаңыз, өзіңізден бастаңыз» деген тұрақты және прогрессивті пікірі бар ақпараттық месседждерінсіз, әсіресе антиваксерлік дүрлігуде көпшіліктің санасын ояту қиын болар еді. Өйткені ақпаратты тұтынудың қарқынды өсуі адамдардың нақты пайдасы мен зиянын бағаламай, «ақпараттық фаст-фудты» сіңіруге дайын екенін көрсетті», - дейді А. Балаева.

Сондай-ақ Ақпарат министрі 2020 жылдың шілдесінде арнайы «Stop Fake» интернет-ресурсы құрылғанын хабарлады. Сайт іске қосылғаннан бері 1500-ден астам жалған ақпарат теріске шығарылды, жоба контенті әртүрлі платформаларда 15 миллионнан астам қаралым жинады.

«Бірақ шын мәнінде виртуалды әлемде халықтың үрейі мен күйзелісін арттыратын кликбейт тақырыптар әлдеқайда маңызды. Дәл осы фактор көптеген конспиролог-блогерлер мен антиваксерлердің не үшін танымал болатынын көрсетеді. Олар күрделі мағыналы конструкцияларды пайдаланбайды, бірақ дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда әлдеқайда үлкен аудиторияға ие болады», - деді министр.

Ведомство басшысы қазіргі журналистерді кәсіби қайта даярлау, соның ішінде виртуалды психология, журналист этикасы, ғылыми мәліметтер базасымен жұмыс істеу, мем секілді бейнелер мен ақпарат берудің басқа да виртуалды құралдарын зерделеу бағыттары мемлекеттің басты міндеті болуы қажеттігін жеткізді.

«Журналистердің білімі заманауи әрі терең болуы керек. Бұл кәсіби журналистерді әуесқойлардан ерекшелейді. Сондықтан, биыл біздің министрлік медицина, экология, дін, құқық, IT мәселелерін қамтитын салалық журналистерді даярлау үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасады. I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4000 қатысушы оқыту курстарынан өтті», - деді Аида Балаева.

Сонымен бірге Аида Балаева журналистер мен БАҚ қызметкерлеріне еңбегі мен кәсібилігі үшін алғысын білдірді.

«Бүгінде машиналар әлеміндегі ең үлкен міндетіміз – адам болып қалу қабілетіміз болатыны түсінікті. Пандемия кезінде медицина қызметкерлерімен, полиция қызметкерлерімен және мұғалімдермен бірге журналистер де COVID-пен күресудің алдыңғы шебінде жүрді, ал кейбірі тіпті волонтерлік қызметпен айналысып, қажетті заттарды, азық-түліктерді тасымалдады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.


Жоғары қарай