Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аида Балаева: Өңірлерде жастар мәселесі бойынша тыңдаулар өткізуді ұсынамыз

2020 жылдың 9 қараша 2020 20:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жаңа жағдайдағы жастар: Іс-қимыл кезеңі» республикалық жастар білім беру жобасын іске қосты.

Аталмыш шараны министрлік өкілдері Қазақстан Жастар конгресімен серіктестікте республиканың барлық аймақтарын онлайн форматта байланыстыра отырып, жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін еліміздің жастары үшін ерекше шара. Әрине, оның мән-маңызы туралы ұзақ айтуға болады. Бірақ, мен оның бәрін Елбасымыздың «Біздің мақсатымыз - жастарды жаңа әлемде өмір сүруге үйрету» деген бір аыз сөзімен түйіндегім келіп отыр. Өйткені, «Zeren» жобасының басты мақсаты осы. Сондықтан бұл жобаға өмірін өнегемен өрген ерекше тұлғалар қатысып, ақылын айтып, көрген-білгенін үйретеді»,- деді жобаны іске қосуға арналған салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Министр келесі жылы еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткендігін айтты.

«Осы уақыттың ішінде елімізде жаңа да жасампаз ұрпақ қалыптасты. Бұл санасы еркін, жүрегі азат жастар. Сөз жоқ, олардың жетістігі де, ой-өрісі де ата-аналарынан асып түседі. Десек те, әр заманның, әр уақыттың өзі міндеті бар. Мына келген індет көрсеткендей, қазіргі жағдайда көп мәселе көзқарасты қайта қарауды талап етіп отыр. Әрине, бүгінгі «Zeren» алаңы осы бағыттағы үлкен жұмысты атқарады деген сенімдеміз. Бұл шара жастарға білім берумен қатар олардың құнды пікірлерін, керемет идеяларын тыңдау, қажетті қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр»,- деді ол.

Сонымен қатар Аида Балаева саналы, білімді, белсенді жастары көп елдің болашағы зор екендігін баса айтты.

«Мұндай жастар еліміздің әр түкпірінен табылады. Сол себепті, жастар мәселесін талқылауды бүгінгі бір ғана іс-шарамен шектелмей, бүкіл елдің деңгейінде жалғастыруымыз керек. Өз тарапымыздан біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында барлық өңірлерде жастар мәселесі бойынша тыңдаулар өткізуді ұсынамыз. Сіздердің ортаға салар ойларыңызды тыңдап, қажетті қолдау көрсетудің маңызы біз үшін зор. Өйткені, қазіргі кезең бұл нағыз іс-қимыл кезеңі, жалынды жастардың уақыты, арынды ұл-қыздардың заманы», - деді министр.

Айта кетейік, б иылғы жылы «Зерен» білім беру лагері аясында онлайн форматта өтіп жатқан жоба аясында бір айдың ішінде жас қазақстандықтар өз білімін арттырып, білікті жаттықтырушыларды, сарапшыларды және өзге де шақырылатын қонақтарды жобаға тарта отырып, жаңа көшбасшылық және өмірлік қарім-қабілеттерге ие болады. Жұмыс бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: азаматтық белсенділік, еріктілер, ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және жеке даму.

Жоба онлайн-форматта жүзеге асырылатындықтан оған еліміздің түкпір-түкпірінен жастар өкілдері қатыса алады.

Еске сала кетсек, 2018 жылы Дүниежүзілік жастар күнінде Zeren жастар білім беру орталығы құрылды. Биылғы жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім беру бағдарламалары онлайн-форматта өткізілетін болады. «Жастар мен жаңа сын-қатерлер: әрекет ететін уақыт» атты тақырыптық атауы бар онлайн-оқыту бес бағыт бойынша өткізіледі: азаматтық белсенділік, еріктілер қызметі, ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі және өзіндік даму.
Жоғары қарай