Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 381.10
EUR 420.81
RUB 5.65
CNY 54.57

Аида Ейвазли: Абай сөзі – қазақтың бойтұмары

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 14:44

БАКУ. ҚазАқпарат – Қазақстанға дос және бауырлас ел Әзербайжан да Абайға көп мән береді. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» мақаласында әзербайжандық Аида Ейвазли осылай жазды.

Бірнеше күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың « Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан » атты мақаласын оқыдым. Бір халықтың ұлттық мұрасы, бір ұлттың және бір халықтың ұлттық болмысы қамтылған мақала маған қатты ұнады.

«Абайдың ой-тұжырымдары бар­шамызға қашанда рухани азық бола алады» – деген Мемлекет басшысы Тоқаев, ұлы ойшылдың сөздері мен әде­би мұрасына сүйеніп, одан қал­ған «аталар сөзінің» әлемдік үде­рістер мен өзгерістерге үлгі бола алатынын айта келе, «Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді... Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық», дейді.

Мен Абайды қара сөздерінен таныдым. Қазақстанда қызмет атқар­ған алғашқы жылдары «Қазақстан» Ұлт­тық теле­арнасымен ынтымақтастық­та кезімде кеңірек біле түстім. Сол тағылымды сөздер, мысалдар менің де жадыма жазылды. Түркі фольклорында және тұрмыс-салтында «аталар сөзі, ата сөзі» деген тіркес бар. Күллі түркінің мұрасын жиған, түркі фольклорын зерттеген Махмұд Қашғари де «түркінің аталар сөзін» жинап, мұрамызды байытқанын білеміз.

Түркі әлемінің ұлы ойшылы, философиялық ой-пікір тарихын жалғастырушы Абай да өз еліне, өз жұртына ұлы сөздер мен өсиеттер қалдырып кетті. Түркі әлемінің ақсақалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Абайдың қара сөздерінен дәйексөздер бере­ді. Елбасы айтқандай Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұра­сы – қазақтың ең қасиетті қазынасы.

Сөзбен әлемнің жүйесі өзгер­ді, сөз жоқтан бар жасады. Ұлы ақын Физули айтқандай, «Халыққа ауыздың сырын әшкере қылар сөз, Иесінің кім екенін әшкере қылар сөз».

Биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан Абай Құнанбайұлының сөзі – қазақ халқының сөзі. Қазақ халқы – қазақ ұлтынан ғана емес, көп­теген ұлттардан құралған этностық халық. Көк тулы мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттар бір шаңырақ астында бас қосып, елді өркендетуде және Абайдың сөзін дәріптеуде.

Өткен жылғы Абайдың шы­ғар­маларынан үзінді оқу эста­фета­сына Әзербайжанның да қатысуы кездей­соқтық емес. Қара сөзді еске алған­дардың бірі мен болдым. Бұл сөзді шалғайдағы түркі елдері Сахаларға, Қырымға жолдадым.

Қазақстанға дос және бауырлас ел Әзербайжан да Абайға көп мән береді. Халқымыз ұлы тұлғалар мен ұлы сөздердің қадірін біледі. 100 жылдық Әзербайжан Мемлекеттік университетінде Абай орталығы қызмет көрсетеді. Түркі әлемінің ең қымбат кітап­тарының тұсаукесер рәсімі де осы білім шаңырағында өтеді.

Тоқаев өз мақаласында: «Абай­ды терең тануға баса мән бер­геніміз жөн. Абайды тану – адам­ның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басым­дық беруі – кемелдіктің көрі­нісі. Интеллектуалды ұлт дегені­міз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұр­­пақтың бағыт алатын темір­қа­зығына айналуы қажет» деп жазды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мырзаның пікірлері­нен ша­быттанып, мен де бүгін­нен бас­тап Абайдың қара сөздерін аударып, баспасөзде жариялай­тын бо­ла­мын. Өйткені оның сөздері бі­лім мекемелері, оқушылар, сту­дент­тер, өз жолын таба алмай жүр­ген жандар үшін «аталар сөзі» бо­лып табылады. Өсиет болып таб­ы­лады. Біздің аталарымыз еш­уа­қыт­та қалт айтқан емес. Олар қара сөз айтты, ұлы сөз айтты.

Аида Ейвазли, Әзербайжан Республикасы


Жоғары қарай