Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақ Олимпиада ойындарында Қазақстан қандай жетістіктерге қол жеткізді

2022 жылдың 25 қаңтар 2022 12:09

НҰР-СҮЛТАН. ҚазАқпарат - Санаулы күндерден кейін төрткүл дүние Бейжіңде өтетін төртжылдықтың басты додасына көз тігеді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері қатысып отырған сегізінші қысқы Олимпиада болмақ. Біз бүгін қазақ елі осыған дейінгі Ақ Олимпиада ойындарында қандай жетістіктерге қол жеткізгенін бір шолып шығуды жөн көрдік.

Қысқы Олимпиада ойындары тарихында қазақстандықтар арасынан алғашқы медальді қостанайлық шаңғышы Иван Гаранин Кеңес Одағы кезінде жеңіп алған. Ол 1976 жылы Инсбрук қаласында өткен XII Олимпиада ойындарында екі қола медаль еншілеген болатын. Ал 1988 жылы Калгариде өткен XV Олимпиада жарыстарында шаңғышылар Владимир Саханов - күміс, Владимир Смирнов қос күміс пен қола медальға қол жеткізді.

Алайда, бұл жүлделер ел егемендігіне дейін болғандықтан көп жағдайда жиі айтыла бермейді.

Қазақ елі 1994 жылы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде Ақ Олимпиадада бақ сынап, көк туымызды төртжылдық доданың төрінде желбіретті. XVII Қысқы Олимпиада ойындарында ел құрамасы қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салып қайтты. Бұл үш медальдың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алып берді. Осы жүлделердің арқасында еліміз жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады.

Міне, сол уақыттан бері Қазақстан спортшылары Қысқы Олимпиада ойындарынан бірде-бір алтын жүлде ала алмай келеді.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ Ойындарға тағы да шаңғышы Владимир Смирнов қатысып, «қола» еншіледі. Сондай-ақ конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваға да қола медаль бұйырды.

Өкінішке қарай, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ Ойындарда отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.

Ал 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы ойындарда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қос бағдарлама бойынша 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

Ал соңғы 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ойындарда Юлия Галышева фристайлдың могул түрінен бір қола медальға қол жеткізді.

Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарында алған медальдар саны:

1994 жыл: 1 алтын, 2 күміс медаль

1998 жыл: 2 қола медаль

2002 және 2006 жылдары жүлде болған жоқ

2010 жыл: 1 күміс медаль

2014 жыл: 1 қола медаль

2018 жыл: 1 қола медаль

Міне, көріп отырғандарыңыздай Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарынан ұзын-саны 8 медаль жеңіп алған. Оның біреуі - алтын, үшеуі - күміс, төртеуі -қола медаль.

Ендігі үміт «Бейжің-2022» Ақ Олимпиадасы. Басты дода 4 ақпан күні басталып, 16 ақпан күні мәресіне жетеді. Қытайда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Жарыстар Бейжің қаласынан бөлек қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді.


Жоғары қарай