Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақан Рахметуллин: Ауғанстанда бұл жаққа көшкісі келмейтін қандастар да бар

2021 жылдың 20 тамыз 2021 16:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауғанстандағы этникалық қазақтардың арасында Қазақстанға эвакуациялануға аса ынталы еместері де бар. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілінің Ауғанстаннан көмек сұрақ жатқан қандастар туралы сұрағына жауап берген СІМ өкілі ондағы этникалық қазақтар туралы соңғы статистиканы келтірді.

«Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстандағы этникалық қазақтарға барлық көмек түрін көрсету туралы тапсырма берген болатын. Біздің елшілік жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің деректер бойынша Ауғанстанда шамамен 13 этникалық қазақ отбасы тұрады. Олар бір жерде шоғырланып қоныстанбаған. Негізінен елдің солтүстік провинцияларында шашыраңқы өмір сүреді. Елшілік олардың бәрімен үнемі байланыс ұстап отыр. Араларында белсенді өкіл бар. Елшілікпен сол байланысқа шығып жүр. Қазір ақпарат жинап жатырмыз. Осы жаққа байланысқа шығып, үйден шыға алмай отырғандарын айтқандар бар деп қалдыңыз. Сол адамдардың байланыс деректерін берсеңіз жақсы болар еді. Біз ол деректерді Кабулдағы елшілікке берейік. Солар тікелей байланысып, қажетінше көмек көрсетсін», - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуына қарағанда, ауғанстандық қандастарды көшіру туралы шешім шығуару үшін әуелі олардың саны мен көшуге ниеттілер туралы нақты мәлімет түзілуі керек.

«Эвакуациялау мәселесіне келсек, олар елдің әр түпкірінде шашырап қоныстанғанымен қатар ниеттерін білу керек. Қазақстанға келуге ниетті ме, жоқ па? Арасында бұл жаққа қоныс аударуға аса ынталы еместері де бар деген мәлімет алдық. Қазір олар да басқалар сияқты әліптің артын бағып отыр. Адамдардың жеткілікті саны жинақталып, хабар жеткен бойда тиісті шешім қабылданады. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында», - деді Ақан Рахметуллин.


Жоғары қарай