Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Әке, анамды бір сәтке ғана көрсетші: Жалғызбасты көпбалалы әкемен сұхбат

2020 жылдың 14 маусым 2020 15:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол үйленген кезде күндердің бір күні әйелі дүниеден өтіп, төрт баланы өзіне аманат етіп кетеді деп ойламаған. Ұл-қыздарының «Анамызды бір көрсетші» деген өтінішін орындай алмайтыны үшін өзегі өртенетінін білмеді. О дүниелік болған жұбайын ойлай-ойлай жүрегі ауырып, ота жасалатынын, одан аман шыққан соң қатерлі ісік дертіне шалдығатыны түсіне де кірмеген. ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, әйелінен айырылғанда үлкені - 6 жас, кішісі - 6 айлық төрт баламен қалған жалғызбасты әке Шахдат Худайбергеновтың сұхбатын оқырман назарына ұсынады.

- Шахдат аға, жұбайыңыздың өмірден өту себебін айтпас бұрын онымен қалай танысып, отау құрғаныңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Мен Сарыағаштың тумасымын. Әйелім екеуміз де 1985 жылғымыз. Әйелім менің бетіме қарап сөйлеп көрмеген, өте тәрбиелі адам. Онымен базар маңында такси іздеп тұрған жерінде таныстым. Бойы менен ұзын және сүйегі ірі болатын. Менің бойым қысқалау болғандықтан балаларым сұңғақ бойлы, ірі денелі болуын қалап, дәл сондай сүйегі ірі ару іздегенмін. Содан алты ай бойы оны өзіме қарату үшін «еңбектендім». Ақыры жұбайым болуға көндірдім. Ұялы телефонның жаңасын алсам оған беріп, ескісін өзім ұстайтынмын. Дәмханада тамақ ішсек тойып қалғанын айтып, қалған тамағын үйге алып келетін. Сонда өзінің қарны ашса да, алдымен балаларын ойлайды екен ғой. Оны өзім балаларға әке орнына – әке, ана орнына – ана болған кезде ғана түсіндім. Қазір өзім де сондай болып кеттім. Қай үйге қонаққа барсам да, «қарным тоқ, менің несібемді салып бере салыңыз» деймін де, үйде отырған балаларыма әкелемін.

- Әдетте өмірден өтетін адам ажал құшатынын алдын ала сезеді екен. Сіздің жұбайыңыз өмірден озар алдында әлденені сезіп, сізбен сырласты ма?

- Оның өмірден өтуі күтпеген жерден болды. Ол туралы сәл кейінірек айтайын. Бұл - мен үшін өте ауыр тақырып. Мына жағдай есіме түсіп отыр. Бірде көршіміздің әйелі қайтыс болды. Оның баласы мектепке жалғыз барып, жалғыз келетін болды. Оны үйге әкеліп, тамақтандырып жіберетінбіз. Жарым «Анасы бар бала мен анасы жоқ баланы қарашы... Мен өмірден кетсем балаларыма кім қарайды, олардың жағдайы не болады екен» деп уайымдайтын. Мен «Жамандық шақырма! Отызға да толған жоқпыз, жап-жаспыз! Бұл не дегенің?» деп зекіп тастайтынмын...

- Жұбайыңыздың өмірден өткен сәтіне оралсақ...

- 2014 жылы әйелімнің тісі ауырды. Екі күн ішінде оның 4 азу тісін алды. Сол кезде қанына инфекция түсіп, түнде дене қызуы көтерілді. Оның ыстығы көтерілген кезде жедел жәрдем шақырдық, бірақ әйелім алты айлық сәбиін үйде қалдыра алмайтынын айтып, оқыс жағдай болса өзі кінәлі болатыны туралы қолхат жазып берді. Арты қайғылы жағдай болатынын кім білген. Сөйтіп екінші рет тісін алдырған түні өмірден озды. Алланың ісі ғой деп ары қарай шағымданбадым.

- Бұл жағдай болған кезде балаларыңыз неше жаста еді?

- Сол кезде үлкені - 6 жаста, кішісі - 6 айлық еді. Әйелім тісін алдырғаннан кейін түнде сәбиімізді емізіп қоймас үшін жерде жатты. Мен диванда 6 айлық қызымның қасында ұйықтап жаттым. Ол кезде жедел жәрдем келіп, кетіп қалған еді. Таңға жуық ол арқамнан түртті. Ұйқылы ояу оған қарап едім «Балаларым саған аманат» деді. Оның тынысы тарылып бара жатқандай көрінді. Мен не болғанын түсінбей қалдым. Әкем мен анамның бөлмесіне жүгіріп бардым. Әйелімнің өмірден өткеніне сене алмадым, себебі тұла бойына инфекция тарап кеткендіктен бір көгеріп, бір басылып, дене қызуы көтеріліп-түсіп, бұрын көрмеген құбылыс болды.

- Бұл өте ауыр жағдай... Бойыңызды билеген үрейді, көңіліңізге қонып алған ауыр мұңды қалай жеңдіңіз?

- Ауылымның әр көшесі, әр көрінісі әйелімді есіме салып тұратын. Уайымға салынып, жүрегіме салмақ түсіп, арада бір жыл өткенде елордада жүрегіме ота жасалды. Одан кейін балаларымды астанаға әкеліп, жаңа өмір бастауға тырыстым. Ауылдан жырақта жүруге бел будым. Балаларым мен көрген қиындықты көрмей, жақсы білім алсын деген ниетпен осы елордада тұруды таңдадым. Жыл сайын балаларыммен ауылға барып, бейіт басында құран оқып қайтамыз. Күн сайын ұйықтар алдында аналарына құран бағыштап, дұға етіп ұйықтаймыз.

- Төрт баланы жалғыз бағып-қағу, тәрбиелеу оңай емес. Есіңізді жиып алғанша оларды ата-ана немесе қайын жұртыңызға қалдыра тұру туралы ой болған жоқ па?

- Балаларым – мені алға жетелейтін күш десем болады. Оларды әкем мен анам да, қайын жұртым да алып қалғысы келді, бірақ мен балаларымды, олар мені қимайды. 6 айлық кенже қызымды аға-жеңгем алып қалып, 5 жасына дейін сиыр сүтімен өсіріп берді. Одан кейін оны аға-әпкелерінен бөлмейік деп қасымызға алып келдік.

- Елордаға көшіп келген кездері қандай қиындық, сынақтардан өттіңіз?

- Елордаға келген соң көлік жалға алып, такси қызметі арқылы нәпақамды таптым. Таксист болған кезімде түнде үйге шаршап келетінмін. Біреуі «піш» етіп қойса, енді бірі мені сағынып жылап отырады. Киімдерін ауыстырып, жуындырып-шайындырып, тамағын берген соң есікті сыртынан құлыптап қайта кетем. Келесі айда жалға алып отырған пәтер ақысын төлеуге ақша таппай, қара сумен отырып қалатын кездеріміз де болады. Тіпті сондай кезде де балаларым тағдырға налып, маған реніш білдіріп көрмеген.

- Балаларыңыз қазір неше жаста? Қазіргі уақытта күн тәртібіңіз қалай өтуде?

- Қыздарым 12, 10, 6 жаста болса, ұлым 8 жаста. Әр таңым балаларыма таңғы ас дайындаудан басталады. Нанды тоқпешке пісіруге тырысам, себебі олар мен пісірген нанды жақсы көреді. Қазір үлкен қызым жұмыртқа қуыра алады. Мектептен келген соң түскі асын беріп, аулаға ойнатуға шығарам. Балаларым әдепті, үйде шулап, көршілердің мазасын алмайды.

- Денсаулық жағдайыңыз қалай? Жүрегіңізге ота жасаған соң бәрі реттелді ме?

- Өкінішке қарай, жүрегіме ота жасаумен денсаулығыма қатысты бар мәселе шешілмеді. 2018 жылдың аяғында мойнымнан без шығып, 40 күн тамақ іше алмай қалдым. Қызым ата-апасына хабарласып, ауырып жатқанымды айтып қойды. Ешкімге айтқым келмеген, бірақ әкем біліп қойған соң мені Алматыға шақырып алып, емшіге алып барды. Сол емнен кейін бетім бері қараған сияқты еді, биыл екінші мәрте без шықты. Екінші мәрте шыққан кезде тағы ота жасаттым. Дәрігерлер «Лимфо түйіні: Неходжкин лимфомасы» деген диагноз қойды. Қарапайым тілмен айтқанда лимфатикалық жүйеде қатерлі жасушалар пайда болған. Дәрігерлер маған химия қабылдауым керектігін айтты. Енді химия қабылдай бастаймын.

- Әйеліңіз өмірден озғалы сізге бірнеше рет ота жасалды. Ота жасауға дайындық кезде қандай ойда боласыз?

- Ота кезінде қайта оянбасам, балаларымды кімге қалдыратынымды ойлаймын. Ата-анамда қалады деген де ой болады. Соңғы рет ота жасатқан кезде жаным кеудемнен шығып, көкке көтерілгенін көрдім. Ол жақта ақ көйлек киген әйелімді көріп, құшақтауға ұмтылып едім, мені кеудемнен итеріп жіберді. Осы құбылыс қас қағым сәтте болып, жаным бірден кеудеме кірді. Жаным көкке қалай көтерілді, солай кеудеме қайта кірді. Сонда «Көрер жарығым бар екен. Балаларым аяққа тұрғанша Құдай мені алмайтын шығар» деп ойладым.

- Балаларыңыз анасын сағынатынын айта ма? Әлде олардың есінде анасы туралы ештеңе қалмаған ба? Ол оқиға болған кезде тұңғышыңыздың өзі алты-ақ жаста болды ғой.

- Мен жүрегіме ота жасағалы олар маған артық сұрақ қоймайды. Анасы үлкен қызымның есінде бар. Ал кенже қызым анасы өмірден өткенін білгенмен, өмірден қалай өткенін білмейді. Кейде ол «Әке, анамды бір мәрте, бір сәтке көрсете аласыз ба? Бір секунд көрсем болды, одан кейін сұрамаймын» дейді. Ондай кезде не деп жауап берерімді білмей қиналам. Қазір екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қызым бойжетіп келе жатқандықтан екі бөлмелі пәтер жалдаймын. Үш қызым бөлек бөлмеде, мен ұлыммен екінші бөлмеде ұйықтаймын. Қыздарым ештеңеден тарықпай, уақытылы жуынып, мұнтаздай таза болып жүргенін қалаймын. Еркекшора болып кетсе жақсы емес, сол себепті менің алдымда қалай болса солай жүргізбеймін. Әкесінің алдында ашық-шашық киіммен жүре беретін қыз бала болашақта өзге ер адамның алдында ашық-шашық жүре алады. Мен соның алдын алып, қыздарымның арлы, ұятты, ибалы болуын қадағалаймын.

- Екінші мәрте отбасын құру туралы ойладыңыз ба?

- Бір әйелмен кездескен кезім болды. Ол маған «Төрт балаңды ауылға жібер, саған өзім бала туып берем. Ортақ сәбиіміз болып, соны өсіріп-жеткіземіз» деді. Маған ондай әйелдің не керегі бар? Балаларымды жыраққа апарып, көздерін жәудіретіп қойып қалай бақытты бола алам? Олай болуы мүмкін емес. Олардың Алладан кейін сүйенері мен болсам және оларды тастап кетсем... Елестетудің өзі қорқынышты. Аналарының көзі тірі кезінде де олар мені жақсы көріп, менің қасымда ұйықтауға таласатын. Балапандарым әрдайым менің жанымда болады. Қара нан мен қара су ішсек те, балаларымның қасында ғана бақыттымын. Оларды тастап кетсем о дүниеде Құдайдың алдында не деп жауап берем?

- Балаларыңыз есейіп келе жатыр. Оларды тәрбиелеу қаншалықты қиын?

- Ең бастысы – үлкенін дұрыс тәрбиелеу, қалғаны соған қарап бой түзейді. Балаларыма ұрыспаймын. Ұрысқан жағдайда әйелім түсіме кіріп, ренжігенін айтады. Бұл мен үшін өте ауыр, сол себепті балаларымның бетінен қақпаймын. Үлкен қызым 12 жаста ғана болса да іні-сіңлілеріне қамқор, жанашыр. Үйден рұқсатсыз шықпайды. Достарының бәрін танимын. Үйге келгенде тамағын жасап, шамам келгенше күтіп аламын. Ұлым сабағын жақсы оқиды. Мақтау қағазын алды. Карантинге байланысты сабағын үй жағдайында оқыды. Менің оқытқаным ұстаздың оқытқанындай болмайды екен. Бұрын ұялы телефонды қолына ұстатпауға тырыссам, қазір ұялы телефонды қолына ұстатып, сабағын оқуды талап ететін болдық.

- Мемлекет тарапынан қандай көмек аласыз?

- Төрт балама жәрдемақы аламын. Ол пәтер жалдауға, коммуналдық қызмет төлеуге кетеді. «ҚазАқпарат» ұжымы тарапынан азық-түлік түрінде көмек алып тұрамын. Рахмет айтқым келеді.

- Тұрғын үй кезегіне тіркелдіңіз бе?

- Бастапқыда баспана кезегіне жалғызбасты әке болып тіркелдім. 2016 жылы кезекте шамамен 20 мыңыншы болып, былтыр 18 мыңыншы орынға жылжыдым. 2019 жылы мамандардың кеңесімен құжаттарымды қайтарып алып, көпбалалы әке ретінде кезекке тұрдым. Қазір 3837-ші болып тұрмын. Қазіргі тілегіміз – баспаналы болу.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай