Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ақмола дәрігерлері браконьерлерден жапа шеккен қорықшының жағдайы туралы айтты

2019 жылдың 24 шілде 2019 18:03

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Браконьерлердің қолынан жапа шеккен «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторына Көкшетауда ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, кешкі сағат 20:30 шамасында оқ тиіп, жараланған инспектор Жарқайың ауданынан санавиациямен Ақмола облыстық көпбейінді аурханасына жеткізілді.

Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайковтың айтуынша, науқас «Кеудесіне тиген оқ жарақатымен» және «Сол жақ иығының жаралануы» диагноздарымен түсті.

«Бүгін науқасқа ота жасалып, денесінен бөтен зат алынды. Ота сәтті өтті, дер кезінде жеткізіліп, жедел ота жасалғандықтан науқастың жағдайы орташа ауыр», деп айтты Дмитрий Чайков.

Дәрігердің сөзінше, науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Есін жиған соң травматология бөлімшесінің палатасына ауыстырылып, сонда одан әрі ем қабылдайтын болады.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтайды. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылып, соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық аурханаға жатқызылған еді.

Қайтыс болған қорықшының артында төрт баласы – үш қызы мен бір ұлы қалды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза болған «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтты.

Осы қылмысқа байланысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілерді ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Күдіктілерді ұстауға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарының полиция бөлімінің жеке құрамы тартылды. Патрульдік қызмет нарядынан күдіктілердің көлігіне тұспалдау берілді. Жарқайың және көрші аудандардың аумағында 10 блок бекет қойылған болатын.

Артынша, бұл іс ҚР Ішкі істер министрі мен Ақмола облыстық ПД басшысы өз бақылауына алынды. Сонымен қатар, аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілер Арқалық қаласының 45 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы баласы ұсталды.

Жоғары қарай