Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысы: Экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол картасына өзгеріс енгізіледі

2021 жылдың 28 ақпан 2021 19:38

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Nur Otan» партиясы Ақмола өңірлік филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша Ақмола облысындағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған міндеттерді орындау бойынша Жол картасын қайта қарау және өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров өңірде экологиялық жағдайды оңалту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Жол картасы аясында Аршалы ауданында «SIO Consulting» ЖШС-нің жеке инвестициялары есебінен жылдық қуатты 30 мың тонна қоқыс өңдейтін өндірістік кешен салу жоспарлануда. Өңірдің бірқатар қалалары мен кенттерінде қайталама шикізатты қабылдаудың 15 қосымша пунктін ашу, Аршалы, Астрахан аудандары мен Көкшетауда гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жүргізу және Астрахан ауданы мен облыс орталығында жағалауды нығайту және арнаны кеңейту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Ақмола өңірінде қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін заңдастырылған полигондардың жоқтығы және тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау бойынша дамыған инфрақұрылымның болмауы үлкен мәселеге айналып отыр. Көкшетау қаласында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу көптеген сұрақтар туғызады. Жоба 2016 жылдың қыркүйегінде басталды, Көкшетау әкімдігінің қолдауымен «LS Kokshetau» ЖШС кәсіпорны қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу бойынша жұмысты бастады. Бөлек жинау үшін 15 контейнер орнатылып, облыс орталығының барлық шағын аудандарында қайта шикізатты қабылдайтын 9 пункт ұйымдастырылды. «Көкше Тазалық» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу сұрыптау желісін орнатты, қалдықтарды орналастыру үшін алаң дайындалды. Қоқысты бөлек жинауға арналған 36 контейнер орнатылды.

Отырыста «Nur Otan» партиясы Ақмола өңірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов осы бағыттағы алдағы бес жылға арналған жоспарлар туралы мәселені көтерді.

«Көкшетауда қоқысты бөлек жинау жүйесін енгізу бойынша бес жылға не жоспарланғанын қараңыз. Бұл 10 контейнер орнату. Сіз жылына екі контейнер орнатқыңыз келе ме, сонда?», - деп сұрады Ғалым Бекмағамбетов.

Белгілі болғандай, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы техникалық экономикалық негіздеме, жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеуге, құжаттаманы ресімдеуге, полигондар салуға, сондай-ақ қауіпті қалдықтарды жинауға ғана жауап береді. Бұл бағыттағы жол картасын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары мен аудан әкімдіктері пысықтады.

«Болған жағдай туралы мен облыс әкіміне баяндаймын және жол картасын сәйкестікке келтіруіне қол жеткіземін. Бұл жерде жеке жауапкершілік болуы тиіс», - деді Ғалым Бекмағамбетов.

Жол картасы аясында өңірде Щучье, Ақкөл, Аршалы, Қорғалжын, Қосшы Қоянды, Зерендіде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу желілері бар жеті қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарлануда. Әзірге Ақмола өңірінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының таралуы біркелкі емес: мысалы, Жақсы ауданында бірден жеті полигон, ал Зеренді және Бурабай аудандарында бірде – бір полигон жоқ. Щучьедегі полигон жабылды, өйткені ол жер асты көздерінің орнында орналасқан. Алайда жергілікті тұрғындар қоқысты әдеттегі орнына тастауды жалғастыруда.

«Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін 130 полигон болса, оның 23-нің ғана рұқсат құжаттары бар. Осылайша, экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектілерінің үлесі 17,6 пайызды құрайды», - деп атап өтті Ақмола облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ержан Ахметов.

Заңдастырылған полигон болмағандықтан, рұқсат етілмеген қоқыс орындары пайда болуда. 2020 жылы Ақмола облысында ғарыштық мониторинг бойынша осындай 1593 қоқыс орны анықталды, олардың 910-ы жойылды.

«Аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жеті полигон салумен бірге барлық елді мекендерде қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарын ұйымдастыру, қайталама шикізатты сатып алу пункттерін орнату қажет. Бұдан басқа, қоқыс жиналған жағдайда оны шығару тетігін пысықтау қажет. Ақмола облысында 2020 жылы 243 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Бұл ретте қайта өңдеу үлесі бар болғаны 15 пайызды құрайды», - деп атап өтті ол.


Жоғары қарай