Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында аймақтық өлкетанушылар форумы өтті

2021 жылдың 11 қыркүйек 2021 16:43

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Туған өлкем – тұғырым» атты өлкетанушылардың өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстың ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара ғылыми қоғамдастықты, шығармашылық мамандық өкілдерін, ғалымдарды өлкетану саласындағы ағарту, өлкетанудағы іздеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, өлкетану жұмысында тәжірибе алмасу және ғылыми зерттеулер әдістемесін жетілдіру мақсатында өткізілді.

Форумға қатысушыларды құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Айна Мысырәлімова аталған іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Форум ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өткізіліп отыр. Тұрғындардың, бірінші кезекте жастардың өз отанының тарихына деген қызығушылығын жандандыру өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеудегі маңызды бағыт болып табылады. Бүгінде тарихи-өлкетану экспедицияларының, мұражай алаңдарының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану, үздік жобаларды гранттармен ынталандыру, зерттеу нәтижелерін цифрландырумен айналысу қажет. Форум облыстың мәдени өміріндегі маңызды оқиға, сондай - ақ тиімді кәсіби диалог пен тәжірибе алмасу үшін жақсы алаң болатынына сенімдімін», - деп атап өтті өңір басшысының орынбасары.

Шарада өңірде өлкетанудың қалыптасуы мен даму бағыттары туралы қоғам қайраткері, Қазақстан тарих академиясының академигі, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі Мұрат Ыдырысов, өлкетанушы, мұрағат қызметінің ардагері Гүлбаршын Салық, өлкетанушы Павел Косович, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің докторанты Талапкер Уәлиев баяндама жасады.

Форум аясында мәдениет мекемелерінің қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Көп жылғы еңбегі мен осы саланы дамытуға қосқан үлесі үшін Атбасар тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Анар Ілиясова, Степногор тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Майра Нұржанова «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, өлкетанушы Гүлбаршын Салық және музей қорының сақтаушысы Гүләйім Әгубаева Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы Хохлов атындағы медальмен марапатталды.

Шара соңында қатысушылар үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының залдары бойынша экскурсия өткізілді.

Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Оқиға, Ақмола облысы,
Жоғары қарай