Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында мектеп түлектеріне аттестат кезекпен беріледі

2020 жылдың 23 мамыр 2020 22:47

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің таралуы салдарынан енгізілген карантиндік режим талаптарына байланысты еліміздің өзге өңірлері сияқты Ақмола облысында мектеп бітірушілерге аттестат кезекпен беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, облыстағы мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатын аттестат тапсыру рәсімімен бірге 3-4 маусым аралығында өткізу жоспарланған.

«Карантин талаптарына байланысты әрбір 11-сыныптың мерекелік шарасына 40 минут уақыт белгіленіп отыр. Мәселен, бір мектепте үш 11-сынып болса, олардың әрқайсысы өз сыныбымен және ата-аналарының қатысуымен бұл шараны бөлек, мектептің ауласында немесе спорт залында өткізеді. Сонымен бірге, салтанатты шара барысында 1,5 метр арақашықтық сақталуы тиіс, яғни, мектеп әкімшілігі әлеуметтік арақашықтықтың сақталуына мән беруі тиіс» дейді ведомстводан.

Айта кетейік, биыл Ақмола облысында 4515 оқушы мектеп бітіретін болса, оның 297-і - Алтын белгі иегері, 187-і - білім ордасын үздік аттестатпен аяқтағалы отыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, мектеп бітіруші 4515 түлектің 3718-і немесе мектеп бітірушілердің 82,3 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген болатын.


Жоғары қарай