Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 410.70
EUR 465.28
RUB 5.80
CNY 58.81

Ақмола облысында оқу жылын 128 мың оқушы бітірді

2020 жылдың 25 мамыр 2020 18:46

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында оқу жылын 128 мың оқушы бітірді. Соңғы қоңырау шарасы онлайн режимде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде оқу жылын аяқтаған оқушыларға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы құттықтау тілегін білдірді.

«Баршаңызды кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Бүгін сіздер тағы бір белесті бағындырып, жаңа кезеңге аяқ бастыңыздар. Осы қуанышты сіздермен бөліскім келіп отыр.

Тағы бір оқу жылы артта қалды. Бүгін бүкіл республика бойынша барлық мектептерде онлайн форматта соңғы қоңырау өткізіліп жатыр. Білім алудағы жұмсаған күш-қуат, атқарған еңбектеріңіз сіздерге лайықты жемісін береді деген сенімдемін», - дей келе, Ермек Маржықпаев бүкіл дүниежүзіне тарап отырған пандемияның еліміздің білім жүйесі үшін қиындықтар туғызып отырғандығын атап өтті.

«Осындай қиын жағдайда соңғы оқу тоқсаны мектептерде ерекше форматта өтті. Жұмыс ауқымы педагогтар мен оқушылар үшін ғана емес, ата-аналарға да көбейді. Сіздер өзара қарым-қатынастың жаңаша сапасын жолға қойып, білім беру мен білім алудың жаңаша әдістемелерін игеріп, заманауи технологияларды қолдану арқылы оқытудың дағдыларын меңгере алдыңыздар деп сенемін!»,- деп толықтырды Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінгі күні облыста оқу жылын 128 мың оқушы бітіріп жатыр.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, биыл Ақмола облысында 4515 оқушы мектеп бітіретін болса, оның 297-і - Алтын белгі иегері, 187-і - білім ордасын үздік аттестатпен аяқтағалы отыр. Мектеп бітіруші 4515 түлектің 3718-і немесе мектеп бітірушілердің 82,3 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген болатын. Ал, облыстағы мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатын аттестат тапсыру рәсімімен бірге 3-4 маусым аралығында өткізу жоспарланған.


Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ақмола облысы, Білім,
Жоғары қарай