Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында ресейлік әйел құтқарушылар көлігінде босанды

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 18:54

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Ресей Федерациясының азаматшасы құтқарушылар көлігінде босанды. Елең еткізер жағдай Астрахан ауданы аумағында «Алматы-Екатеринбург» тасжолының бойында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаңтардың 26-да сағат 18:20 шамасында жедел жәрдем көлігінің қарға батып қалғаны туралы ақпарат түсті. Көлікте жүкті келіншек болды. Жедел жәрдем көлігі Петровка ауылына барып, кейін Астрахан ауылына қайтып келе жатқан. Жолда екі фура батып қалғандықтан жедел жәрдем көлігі тоқтауға мәжбүр болды. Ол аздай ақтүтек бораннан жол көрінбеді», - деді №19 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Ербол Смайылов.

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына дереу №19 өрт сөндіру бөлімінің кезекшілері аттанып, 23 жастағы жүкті келіншекті эвакуациялады. Алайда, Астрахан аудандық перзентханасына жетпей, аяғы ауыр әйелді өрт сөндіру көлігінің ішінде фельшер босандырып алды. Қазіргі кезде нәресте мен анасының жағдайы жақсы. Олар Астрахан аудандық перзентханасында.

Белгілі болғандай, экстремалды жағдайда босанған келіншек Ресей азаматшасы және жаңа туған нәресте - оның тұңғышы.

«Бұл - соңғы бес күнде ТЖД қызметкерлері құтқарып отырған төртінші жүкті әйел. Дәл қазір құтқарушылар мен медиктер арнайы техниканың көмегімен Бурабай ауданындағы ауылдан толғағы жетіп отырған тағы бір әйелді құтқаруда», - деп толықтырды ведомстводан.



Жоғары қарай