Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында рұқсат етілмеген 624 қоқыс орны анықталған

2021 жылдың 20 тамыз 2021 19:08

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған 624 қоқыс орны анықталған. Бүнгі күні оның тең жартысынан астамы жойылды. Бұл туралы Көкшетау қаласының маңында рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою мақсатында Ақмола облысы бойынша экология департаменті ұйымдастырған баспасөз туры барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдық төгілген 130 үйінді анықталып отыр (жер актілері бар), оның 24-де ғана қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетін рұқсат құжаттары бар.

«Бүгінгі күнге облысымыздағы 10 аудан, яғни Бурабай, Зеренді, Бұланды, Қорғалжын, Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Егіндікөл, Астрахан және Біржан сал аудандарының орталықтарында заңдастырылған полигон жоқ. Заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының болмауы рұқсат етілмеген қоқыс орындарының қалыптасуына әкеп соғуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша 2021 жылы ғарыштан түсірілген суреттер негізінде Ақмола облысында 624 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Нақтырақ алсақ, Көкшетауда-147, Степногорде-51, Зеренді ауданында-67, Целиноград ауданында-294, Аршалы ауданында-13, Ақкөл ауданында-22, Шортанды ауданында-34, Біржан сал ауданында-4 қоқыс орындары анықталып, оның ішінде 364 немесе 58 пайызы жойылды»,- деді департаменттің бас маманы Күләш Рақымова.




Департамент мамандары атап өткендей, қазіргі кезде облыста өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылым нашар дамып отыр. Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды жекелеп жинаумен айналысатын 4 кәсіпорын ғана бар.

Жалпы, Ақмола облысы бойынша 2020 жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың қалыптасу көлемі 243 мың тоннаны құрады, 2021 жылдың 6 айында 124 тың тоннасы жиналды. Дегенмен де қайта өңдеу көлемі 3 пайызды құрап отыр.

Баспасөз туры барысында Көкшетау қаласы аумағындағы заңсыз жиналған қоқыс орындары анықталып, құзырлы органдарға оны жою туралы нұсқау берілді.

Еске сала кетсек, Ақмола облысының Щучье, Ақкөл қалаларында, Қорғалжын мен Аршалыда, Қосшыда, Коянды мен Зерендіде қатты тұрмыстық қалдықтар жинайтын жеті палигон салу жоспарланған. Сонымен бірге, Көкшетау қаласында қоқысты сұрыптаумен тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонын салу бойынша жаңа жоба әзірленді. Қазіргі кезде оның құжаттарын рәсімдеу жұмысы атқарылып жатыр.






Жоғары қарай