Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 376.16
EUR 406.18
RUB 5.90
CNY 53.60

Ақмола облысының Макинск қаласында жаңа жылу қазандығы салынады

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 03:30

МАКИНСК. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Макинск қаласында жаңа жылу қазандығы салынады. Қалада 20 жылдан астам уақыт орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмай, қиындық көрген көппәтерлі үйлерде тұратын тұрғындардың мәселесі шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жылу қазандығының құрылыс жобасы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың қолдауымен жүзеге асырылмақ.

«Жобаның құны - 2 миллиард теңге. Қаржы болмаған соң бұл жобаны толық жүзеге асыру мүмкіндігі болмады. Бүгінгі таңда бюджеттен қаржы түсе бастады. Сол себепті, жоба жүзеге асырылатын болып отыр. Сондай-ақ, қазандықты отын үнемдеу түріне ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл қаланың жылу жүйесі үшін дотация көлемін кемітуге мүмкіндік береді», - дейді ведомстводан.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан атап өткендей, бұдан бөлек, Макинск қаласында тағы бір блок-модульді қазандық салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Бұланды ауданының әкімдігі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тапсырма берді.

«Жылу қазандығы қала ортасындағы ондаған көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтуға қауқарлы. Аудан әкімдігінің дерегінше, 2020-2021 жылдардағы жылу маусымына дейін жаңа қазандық салынып болады», - деп толықтырды ведомстводан.

Жоғары қарай