Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Ақмола жұлдыздары-2021» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды

2021 жылдың 25 желтоқсан 2021 03:31

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «Ақмола жұлдыздары-2021» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы байқауының қорытынды гала-концерті өтіп, жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқау «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасы «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» базалық жобасын жүзеге асыру аясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.







«Дәстүрлі байқау өңіріміздің мәдени өмірінде өзіндік орны бар ең ірі жоба. Байқау облысымыздың көркемөнерпаз әртістеріне түрлі жанрларда таланттарын көрсетуге, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мәдениетті өзара байытудың, қоғамды топтастырудың, ұлттың генетикалық кодын: тілді, руханилықты, дәстүрді және Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтаудың жарқын үлгісі болып табылады», - деді облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Гала-концерт аясында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты шеберлердің үздік туындылары ұсынылған сәндік-қолданбалы шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Көрермендер қайта жаңғырған халықтық қолөнер бұйымдары мен техникаларына асқан қызығушылық танытты. Көрмеге облыс аудандарының қолөнер шеберлері мен суретшілерінің 200-ден астам туындысы қойылды. Халықаралық, республикалық көрмелердің жүлдегері, Шортанды ауданының құрметті азаматы, суретші, қолөнер шебері Бектас Кәрімұлының қолынан шыққан туындылар көпшіліктің таңданысын тудырды. Сондай-ақ биыл ғана қала мәртебесін алған Қосшы қаласының ұлттық аспаптарды жасаушы шебері Нұржан Ділмановтың туындылары да көрермен көзайымына айналды. Бурабай ауданы шеберлері ұсынған ұлттық киім дэфилесі көрмеге айырықша сән берді.




Өңірдің үздік шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларының өнері де концерттік бағдарламаға енді. Сахна төрінде өнер көрсеткен «Асыл мұра», «Арай» (Көкшетау) халықтық би ансамбльдері, «Ақбұлақ» (Ерейментау) қобызшылар ансамблі, «Дударай» (Қорғалжын) халықтық фольклорлық ансамблі, «Арт-ложки» (Ақкөл) ансамблі, халықтық балет студиясы (Степногор), «Маленькая леди» (Атбасар) сән театры, ұлттық киімдегі дефиле (Бурабай), «Родничок» (Атбасар) би ұжымы тәрізді өнерпаздар көрермен көңілінен шықты. Биылғы жылдың жаңалығын Қосшы қаласынан жас әнші Есет Әлжан мен Ауғантай Иса және Аршалы ауданынан Сүлеймен Олжасұлы деп атауға болады.







Облыстық халық шығармашылығы байқауының аудандық және қалалық гала-концерттерінің қорытындысы бойынша облыстық маңызы бар қалалар, орталықтары қалалар болып табылатын аудандар, орталықтары ауылдар болып табылатын аудандар тәрізді үш топ бойынша жүлделі орындар анықталды.

«Ақмола жұлдыздары-2021» облыстық көркемөнерпаздар байқауында үздік өнер мен шығармашылық жетістіктері үшін Қорғалжын, Жақсы, Есіл, Атбасар аудандары ІІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. ІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен Целиноград, Егіндікөл, Жарқайың, Ақкөл аудандары мен Қосшы қаласы марапатталды. I-ші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен Зеренді, Бурабай аудандары және Степногор қаласы марапатталды.

Байқаудың бас жүлдесін Ерейментау, Сандықтау аудандары мен Көкшетау қаласы иеленді.












Жоғары қарай