Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Ақмолада ауыл шаруашылығы кооперациясының пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

2019 жылдың 8 тамыз 2019 15:42

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңір аумағында жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы кооперациясының үлгісімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Пилоттық жобаны ҚР Президенті алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қатысу үшін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары әзірледі. Қатысушы ретінде Ақмола облысы Ақкөл ауданының Азат ауылдық округі және оның маңындағы бірнеше елді мекендер таңдалды. Жобаның мәні - ауылдық коммерциялық емес тұтынушылар кооперативін құру, негізгі мақсаты – халықтың жеке қосалқы шаруашылығынан мүйізді ірі қара малды бордақылауды ұйымдастыру», – дейді жоғары оқу орнының бас сарапшысы Төлеухан Нұрқиянов.

Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы мал басының 70 пайызы ауыл тұрғындарының қораларында ұсталады, олар кооперативке бірігуді пайдалы деп санамайды. ҚАТУ ғалымдары ауыл тұрғындарымен әріптес болу үшін ірі базалық шаруашылықтарды таңдауды, оларға жер және басқа да инфрақұрылымдар беруді ұсынады. Жобаны «Самұрық-Қазына» қолдап отыр, оны қаржыландыруға 112 миллион теңге қарастырылған.

«Халықтан төлдер сатып алу үшін бордақылау алаңдарының айналымға қомақты қаржы қажет, бұл қаржы оларда жоқ», – деп түсіндірді Төлеухан Нұрқиянов. – Біздің жағдайымызда көп айналыс қаржысы қажет емес, ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелері беру негізінде бордақылау контингентін бордақылау алаңына жеткізеді. Семіртілген ірі қараны сатқаннан кейін орта есеппен 280 мың теңгеден алатын шаруа да ұтады, бұл бірден сатып жібергеннен қымбат. Бордақылау алаңдары өз шығындарын мемлекеттік субсидиялар есебінен қарастыратын болады.

Өңір басшысы жобаны мақұлдап, бұл халықты жұмыспен қамтудың бірден бір жолы екенін атап өтті. Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовқа аталмыш пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін міндеттерді айқындау тапсырылды.

«Біз үшін ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, ауыл азаматтарының кірістерін арттыру өте маңызды. Сіздер ұсынған жүйе жемісті боларына сенімдімін. Ең бастысы қажетті кәсіпкерлік объектісі мен инвестор бар», – деді Ермек Маржықпаев.


Жоғары қарай