Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмолада «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр

2021 жылдың 27 мамыр 2021 21:38

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Маман тапшылығын мәселесін шешетін мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Дипломмен ауылға», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Бұл әсіресе кәсіби қызметтің басында қолдау қажет жоғары оқу орындары мен колледж түлектері үшін өте маңызды.

Бұл бағдарламаны денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жас мамандар пайдалана алады.

Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, ауылда мұғалімдер мен дәрігерлер бұрынғысынша сұранысқа ие мамандар болып қала береді.

«Бюджетте 616 маманға көтерме жәрдемақы және 339 несиеге қаражат қарастырылған. 1 сәуірге дейін 87 маманға көтерме жәрдемақы төленді», - деп атап өтті облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова.

Ауылдағы жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын алушылардың бірі Арай Бұлхайдарова болды.

Ол «Жұлдыз» балабақшасында 5 жыл бойы тәрбиеші болып жұмыс істейді.

Мемлекет әлеуметтік қолдаудан бөлек, жұмыс және аудан орталығында үй алу үшін бюджеттік несие берді.

«Мен бұл бағдарлама туралы бұрыннан білетінмін және берілген мүмкіндікті пайдалануды шештім. Біздің жастарға оған қатысуға кеңес бергім келеді. Бұл жас мамандар үшін тамаша бастама. Декретке шыққан кезде мені баспанасыз қалдырмады», - дейді жас қызметкер.

«Дипломмен ауылға» жобасы іске асырыла бастағаннан бері тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несиелердің мөлшері екі жарым есеге жуық ұлғайды.

Бір жолғы көтерме жәрдемақының мөлшері де өсті. Жобаға қатыса алатын мамандықтар тізбесіне де түзетулер енгізілді.

Өткен жылдың қазан айынан бастап мемлекеттік қызметкерлер де бағдарламаны пайдалануға мүмкіндік алды.

Еске сала кетсек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2009 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.

Оның міндеті - кадрларды дамыту, ауылдық елді мекендерге білікті мамандарды тарту арқылы қызмет көрсету деңгейін арттыру.

Әлеуметтік қолдау алу үшін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу керек.

Жоғары қарай