Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Ақмолалық мемқызметшілер Абайдың 175 жылдығына орай ізгі істер эстафетасын бастады

2020 жылдың 28 қаңтар 2020 21:21

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық мемлекеттік қызметшілер Абайдың 175 жылдығына орай ізгі істер эстафетасын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қазақтың ұлы ақыны Абай «Жақсылық жасау - әр адамның парызы» деп жазған. Ақын өзінің он төртінші қара сөзінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деп барша адамзатты ізгілікке шақырған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Абайдың 175 жылдығын мерекелеу шеңберінде ізгі істер жасауға бағытталған «Мейірімділік жүректен» эстафетасын бастады.

«Эстафета шеңберінде 24 қаңтарда жұмыс күні аяқталғаннан кейін департамент қызметкерлері Көкшетау қаласында тұратын 1931 жылы туған жалғызбасты тыл ардагеріне үй маңындағы аумақты қардан тазартуға көмектесті. Акциямен облыстың барлық мемлекеттік органдары қамтылады. Бұл ретте қайырымды істерді жасауда ешқандай шектеу жоқ. Эстафета шеңберінде мемлекеттік қызметшілер қан тапсыру, ауыр сырқатқа шалдыққан адамдардың емделуі үшін ақшалай қаражат аудару, ардагерлерге немесе аз қамтылған отбасыларға шаруашылық жағынан көмек көрсету, сәбилер үйіне ойыншық жеткізу немесе қарт адамдарды автокөлікпен тегін жеткізіп салу сияқты кез келген ізгі істі таңдай алады», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Жазира Тоқтар.

«Мейірімділік жүректен» эстафетасы Ақмола облысының Әділет департаментіне жолданды.




Жоғары қарай