Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ЭЦҚ-ны бөтен адамдарға бермеуге үндеу жасады

2021 жылдың 13 сәуір 2021 18:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –2020 жылы электронды цифрлы қолтаңбаны заңсыз беру мен оның тиісті деңгейде қорғалмауына қатысты 30-дан астам факті анықталды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қол қоятын адамның өзі қол қойғанымен бірдей дәрежесі және теңдей заңнамалық күші бар. Бізге бөтен адамдарға ЭЦҚ-ны заңсыз беруі фактісіне қатысты біраз шағымдар мен материалдар келіп түсіп жатыр. Осы орайда кеңінен тараған жағдайларға тоқталғым келеді, яғни ұйым басшысы өзіне тиесілі ЭЦҚ-ны қараусыз қалдырады немесе жұмыстан шыққан қызметшілердің ЭЦҚ-сы қайтарылмайды, сондай-ақ өздерінің электронды цифрлы қолтаңбасын басқа қызметшілерге береді. Осының салдарынан ЭЦҚ-ны заңсыз пайдалану жағдайы орын алады. Бұл ретте ЭЦҚ-ны заңсыз беру арқылы сенімгерлік рәсімделіп, қаржылық құжаттарға қол қойылған оқиғалар анықталды», - деді Р. Әбдіқалықов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, ЭЦҚ-ны заңсыз беру бойынша әкімшілік істер қозғалып, 15-тен 50 АЕК-ке дейін жаза қарастырылған. 2020 жылы электронды цифрлы қолтаңбаны заңсыз беру мен оның тиісті деңгейде қорғалмауына қатысты 30-дан астам факті анықталды. 2021 жылы осы бағытта 6 іс қаралды.

«Осыған байланысты өздеріңізге тиесілі электронды цифрлы қолтаңбаны басқа адамдарға бермеуге және қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Сізден бөгде адамдар ЭЦҚ-ны талап етуге құқылы емес екенін еске саламыз», - деді Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.


Жоғары қарай