Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны жағынан жаңа рекорд орнады

2020 жылдың 13 шілде 2020 09:52

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-та коронавирус жұқтыру жағдайларының саны артуда, демалыс күндері антирекорд орнады. Израильде мыңдаған адам үкіметтен өтемақы талап етіп көшеге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша Covid-19 індетіне шалдыққандар саны әлемде 13 млн адамға жуықтады. 565 мыңнан астам науқас қайтыс болды.

Маска таққан Трамп және АҚШ-тағы жаңа антирекорд

АҚШ президенті Дональд Трамп пандемия кезеңінде алғаш рет камераға маскамен түсті. Бұл сенбі күні болды. Бұл күні елде 66 мың адам ауру жұқтырып, кезекті рекорд жаңарды.

Трамп сенбі күні Вашингтон маңындағы Уолтер Рид әскери ауруханасына жарақат алған әскери лермеен және Covid-19 жұқтырған пациенттерді күтетін медициналық қызметкерлермен кездесуге барды.

БАҚ Трамптың көмекшілері президенттен көпшілік алдында маска тағуды сұрағанын хабарлады. Алайда ол митингілерде, баспасөз конференцияларында және басқа да көпшілік қатысатын іс-шараларда маска тағудан бас тартқан болатын.

АҚШ індетке шалдыққандар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Мұнда 3 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырса, 132,3 мың адам көз жұмған.

Ресей мен Британиядағы жағдай

Ресейде өткен тәулікте 6615 адамнан коронавирус анықталып, 130 пациент көз жұмғанын індетпен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. Ресейде вирус таралғалы бері 727 мың адам ауырған (әлем бойынша 4-орында), 11335 науқас қайтыс болған.

Ұлыбританияда сенбі күні бассейндер мен ашық аспан астындағы театрлар, сондай-ақ крикет ойнауға арналған алаңдар ашылды. Елде қоғамдық орындарда маскаларды міндетті түрде тағу туралы дау әлі де жалғасуда. Әзірге билік міндетті шаралар енгізбейтіндерін мәлімдеді.

Әлемдегі ахуал

Үндістанда вирус жұқтырғандар саны 820 мың адам болды. Жексенбі күні әйгілі үнді актрисаларының бірі Айшвария Рай, оның күйеуі мен қызы коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды.

Үндістан ауру жұқтырғандар саны бойынша әлемде АҚШ пен Бразилиядан (1,8 млн) кейінгі үшінші, ал қайтыс болғандар саны бойынша сегізінші орында тұр.

Жалпы Латын Америкасындағы жағдай әлі де мәз емес. Латын Америкасының төрт мемлекеті Бразилия, Перу, Чили және Мексика ауру көрсеткіштері ең нашар әлемдегі елдердің алғашқы ондығына кірді.


Басты сөздер: Әлем, Коронавирус, Медицина,
Жоғары қарай