Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Ақтауда 3 айлық сәбидің миына күрделі ота жасалды

2020 жылдың 12 наурыз 2020 21:56

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері тағы бір қиын ота жасады. Бұл жолы медициналық көмек 3 айлық қыз балаға қажет болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Анасының айтуынша, таңғы 6:00 шамасында кішкентай сәби мазасызданған және денесі көгере бастаған. Сол бойы анасы «103» қызметіне хабарласып, сәби жедел жәрдем бригадасының көмегімен шұғыл ауруханаға жеткізген.




Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәбиге қойылған диагноз ауыр науқастар санатына жатады.

«Атап айтқанда, мидағы қан айналымының бұзылысы, мидың ісінуі, тамыр ішіндегі таралған қан ұю синдромы, постегоррагиялық анемия диагноздары қойылды. Жалпы жағдайы өте ауыр болғандықтан ақ халатты абзал жандар шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдаған» делінген хабарламада.

Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, сәбидің санасы ми комасында, бет пішіні және көз саңылауы симметриялы болған. Сонымен қатар менингеальдық симптомдары күмәнді және микроциркуляциялық бұзылыстар байқалған. Тері жамылғысы өте бозғылт, сарғыш болған. Ал отаны балалар нейрохирургі Ербол Кенжевалов жасаған.




«Нәресте күндізгі 12:30 шамасында жедел жәрдем бригадасымен балалар ауруханасына жеткізілді. Баланың жалпы жағдайының ауырлығына байланысты миының компьютерлік томографиясы жасалып, жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды. Толық тексерілген соң 6 сағат өткенде операция жасалды. Трепанация жасалып, гематома алынды. Ота 1,5 сағатқа жалғасты. Қазіргі таңда сәби жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Осылайша консервативті емін жалғастыруда», - дейді ол.




Сәби әзірге дәрігерлердің бақылауында болады, ауруханада қанша күн жатып ем алатынын дөп басып айту қиын. Оған болашақта да медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Жағдайы жақсарған соң үйіне жіберіледі. Ақ халатты абзал жандар сәбиге мұқият күтім жасалса, жағдайы жақсарып, бұл диагнозды толыққанды жеңуге болатынын айтады.








Жоғары қарай