Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтауда көпбалалы ана 6 адамды жұмыспен қамтып отыр

2020 жылдың 26 қараша 2020 04:48

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулық Динара Көктаубайқызы 29 шағын-аудандағы «Жанұя» әлеуметтік қолдау орталығында тігін цехын ашып, өзі секілді ісмер әйелдерді жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Динараның айтуынша, оның мақсаты - көпбалалы және аз қамтылған аналарды жұмысқа орналастыру, осы кәсіпті меңгеруге үлес қосу.

«Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан қолдау болып, «Жанұя» орталығынан бөлме берілді. Тігін машиналарын сатып алдым. Менімен бірге 2 көпбалалы ана, 1 мүгедектігі бар ана, 2 асыраушысынан айырылған келіншек жұмыс істеп жатыр. Олардың түрлі киімді тігіп, пішуге қабілеттері мен ынталары жеткілікті. Алдымен төсек-көрпе тігіп бастадық. Сосын перделер, балалар киімдері, медициналық халаттар, кейін жұмысшыларға арналған арнайы киімдерден тапсырыстар түсті. Әрқайсысын сапалы етіп жасауға әрі тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысамыз»,-дейді ол.

Динараның тігін тігуге деген құштарлығын анасы оятқан. Қыр, сырын меңгеріп, машықтана бастаған соң тігін курсына барып, біліктілігін жетілдірген. Қазір қарамағындағы қыздарды үйретіп жүр. Қазір тігін цехында қызмет ететін 7 әйел бар.

Айта кетейік, «Жанұя» орталығында аз қамтылған көпбалалы аналар, жеке кәсібін ашуға ниетті жандар мен өздерін толғандырған мәселелерге байланысты кеңес алуға мүмкіндік бар.

Жоғары қарай