Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақтауда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

2021 жылдың 13 желтоқсан 2021 13:58

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі тұсында Ақтаудағы 53 көпбалалы отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2 бөлмелі арендалық пәтерлер облыс орталығында жаңадан бой көтерген 19 шағынауданнан берілді.

«Бүгін бәріміз үшін де үлкен әрі қуанышты оқиға. Еліміз Тәуелсіздігін алғалы халықты баспанамен қамтудың бірнеше бағдарламасы жасалды. Үй алудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Осылайша мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Елбасының әрбір қазақстандық мемлекет қамқорлығын сезінуі тиіс деген бастамасын бүгінде Мемлекет басшысы сәтті жалғастырып келеді.

Міне бүгін тағы бірнеше отбасының қуанышына куә болып тұрмыз. Бүгінгі жалдамалы баспана жекешелендіруге жатпайды. Ай сайын заңмен белгіленген мөлшерде аз сома төлейді. Жаңа шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын», - деді баспана кілттерін табыстаған қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.

Көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекет қазынасынан 790 млн теңге қаражат бөлінді. Осы мақсатта қала әкімдігі кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын жеке тұлғалардан 53 тұрғын үй сатып алып, 2003 жылдан 2013 жылға дейінгі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кезекте тұрған тұрмысы төмен 7 көпбалалы отбасыға табысталды.

Қалған пәтерлер үшін қабылданған құжаттарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.


Жоғары қарай