Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтауда құтқарушылар балықшының мәйітін тапты

2021 жылдың 19 шілде 2021 21:57

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда құтқарушылар балықшының мәйітін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, «Шора» деп аталатын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС су ағызу каналынан жоғалып кеткен балықшыны іздестіру жұмыстары аяқталды.

Құтқарушылар балықшының мәйітін судан шығарды.

«1994 жылы туған ер адамның мәйіті бүгін, 19 шілдеде, сағат 18.20-да табылып, судан шығарылды. Мүрде жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деді Маңғыстау облысы ТЖД басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.

Ақтау қаласының сыртындағы су ағызу арнасында балық аулау кезінде адам суға батып кеткен болатын. Құтқарушылар 18 шілдеден бері балықшыны іздеу жұмыстарын жалғастырған болатын.

Маңғыстау облысы бойынша ТЖД мамандары Каспий теңізінде адамдардың суға кетуінің негізгі себептерін атады. Судағы қайғылы оқиғалардың басты себептері қауіпсіздік ережелерін сақтамау, тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде суға шомылу, мас күйінде суға түсу болу болып табылады.

Теңіздегі балалардың өлімі балаларын қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығымен байланысты. Жыл басынан бері аймақта судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан сегіз адам суға батып кетті. Оның ішінде бір бала. Тағы 14 адам құтқарылды.


Жоғары қарай