Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақтөбе бір күнде «сары» аймақтан «қызылға» өтті

2022 жылдың 13 қаңтар 2022 13:54

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде бір тәулікте 225 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Сөйтіп бір тәуліктің ішінде «сарыдан» «қызыл» аймаққа өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 225 жағдай тіркелсе, оның 132-і вирустың симптомды түріне шалдыққан. Қаламен қатар барлық ауданда ауырып, дәрігер көмегіне жүгінген адам саны көбейді.

«11 қаңтар күні 75, ал 12 қаңтар күні 225 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Бір тәулікте үш есеге өсті. Қазіргі кезде шектеу шарасын күшейту үшін қаулы әзірленіп жатыр. Енді түнгі клуб, түрлі ойын-сауық орындарының жұмысы тоқтатылады. Сонымен бірге ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Сауда орындары, сауда үйлеріне тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар кіре алады. Шетелден келгендерден ПТР анықтама сұралады. Бірер күнде қаулыны жариялаймыз», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Айта кетейік, бүгінге дейін өңірде 35 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 98 % астамы жазылды.

«Омикрон» штамы бізде анықталмады. Бірақ вирустың бұл штамы тез таралатынын естен шығармаған жөн. ЖРВИ-ге ұқсас вирус кезінде қызуы көтерілмеуі де мүмкін. Бірақ адам өзін әлсіз сезініп, сүйегі сырқырайды. Үйде емделмеуі керек. Соңы пневмонияға апарады», - деді Мұхтар Сербаев.


Жоғары қарай