Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысында 100-ге жуық бала коронавирус жұқтырды

2021 жылдың 17 сәуір 2021 05:17

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында бүгінге дейін 96 балаға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған. Оның 9-ы вирустың симптомды түріне шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте тағы 120 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның тең жартысынан астамы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Бүгінге дейін өңірде 7 мыңнан астам жағдай тіркелсе, оның 75 пайыздан астамы жазылды. Әлі де 4400 адам үй карантинінде отыр. Олар екі апта бойы дәрігерлер бақылауында болуы тиіс.

«Барлығы 96 баладан коронавирус инфекциясы анықталса, оның 9-ы ауруханада жатыр. Бәрінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жөтеліп, басы ауырып, дене қызуы көтеріліп түседі көбі. Сонымен бірге 8 жүкті әйел пневмонияға шалдығып, ауруханаға жатқызылды. Тағы 22 жүкті келіншек – үй карантинінде. Біз күн сайын мониторинг жүргіземіз. Аурухананың жансақтау бөлімінде жатқандардың 17 пайызының жасы 50-ге толмаған. Ал 50-64 жас аралығында 14 адам жатыр. 24 науқастың жасы 65-тен асқан. Жансақтау бөліміне көбіне қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, бүйрек, бауыр жетіспеушілігі, созылмалы ауруы бар адамдар түседі», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Оның айтуынша, соңғы кездері жастар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі көбейді.

«Көбі үйде ем жүргізіп, ауруды асқындырып алады. Бұл – дұрыс емес. Тіпті естіген, сұрап білген дәріні ішіп, жүре береді. «Қызыл» аймақта болған соң, шектеу жоғары. Бала-шағаны асырау, жұмыс істеу туралы сөз жиі қозғалады брифингте. Бірақ бәріне шыдам керек. Тығырықтан шығу үшін вакцина алған дұрыс. Жансақтау бөлімінде қазір 47 адам жатыр. Олардың отбасы жағдайды жақсы біледі, вирустың қауіпті екенін жан-тәнімен түсінеді. Ал далада адамдардың маска тақпай жүргенін білеміз. Маска тағу, қол жуу, арақашықтықты сақтауға білімге емес, жауапкершілікке, санаға байланысты. Күнде бір сұрақ қойылады. «Вакцина алу керек пе?» деп сұрайды. Жауабы айтылды. Вакцина індеттен қорғауға, ауруды жеңіл өткеруге көмектеседі. Бірінші сыныптың оқушысына айтсақ, олар бұлжытпай орындайды. Ал сонда біз автобусқа «маска тақ» деп айтып отыратын бір адамды отырғызуымыз керек пе? Адамдар да жан-жағындағыларға ескертуі тиіс», - деді Рүстем Исаев.


Жоғары қарай