Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысында әкім сайлауына 115 кандидат өтініш берді

2021 жылдың 9 шілде 2021 23:30

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ауыл әкіміне 115 кандидат өтініш берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін кандидаттарды тіркеу аяқталды. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева үміткерлерді тіркеу жұмысын қорытындылады.
«Барлығы 35 ауылда 74 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау 84 елдімекенде өтеді. Көбі Әйтеке би ауданына тиесілі. Мұнда 15 учаскеде дауыс санау жүргізіледі. Өтініш берген 115 кандидаттың 99-ында құжаты дұрыс. Ал жетеуінің құжаты заңнама талаптарына сай келмеді. Бәсекелестік бар. Әр округке үш адамнан келеді»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева.
Айта кетейік, үміткерлердің 67-і саяси партия атынан ұсынылды. Nur Otan партиясынан 29, «Ауылдан» 16, Қазақстан халық партиясынан 6, «Адалдан» 5, «Ақжол» партиясынан 9, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан екі адам ұсынылды. Ал 48 адам өзін-өзі ұсынды.

115 үміткердің 97-і ер, өзгесі әйел. Орташа жасы - 40 жас. Ең жасы 27 жаста, ең үлкені 63-те. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаеваның айтуынша, 62-і мемлекеттік, 31-і бюджеттік сала қызметкері.

Еске салсақ, 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.

Ұлттық экономика министрлігі ауыл әкімерін тікелей сайлау қалай өтетіндігін және ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин әкім сайлауына түсетін кандидаттарға қойылатын талаптардың себебін түсіндірді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.




Жоғары қарай