Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысында тұрғындардың наразылығын тудырған шошқа фермасы жабылуы мүмкін

2020 жылдың 21 қараша 2020 21:34

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін шошқа фермасының жұмысына қарсылық көрсеткен топты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңдасын Оразалин Алға ауданы, Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының лас жұмысын әшкерелеп, шаруашылықтың жабылуын талап еткен топты қабылдады.
«Жүздесу барысында бастамашыл топ мүшелері көпшіліктің ой-пікірін жеткізді. Мұқият тыңдап, тиісті органдарға қысқа мерзімде және шұғыл іс-шара жүргізуді тапсырдым. Қай мәселе болса да ашуға салмай, ақылға салып шешетін халықпыз ғой. Бұл проблеманың да оңтайлы шешу жолдарын бірге қарап, ортақ бір мәмілеге келдік.
Бұл жерде екі мәселе бар:
Біріншіден, қоршаған ортаға келтірген зиянды заттарды залалсыздандыру, өтемақы төлеттіру және заң аясында жауапқа тарту. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысуда, тиісті тапсырма берілді.
Екіншіден, көпшіліктің пікірін ескеріп, тексеріс қорытындысының нәтижесімен «Парижская коммуна – XXI» ЖШС басшылығына шаруашылықтың бағытын өзгертуге немесе мүлдем жабу туралы талап қойылады. Бұл мәселенің шешілу мерзімін анықтауды арнайы мамандарға тапсырамын. Шаралар барысы өзімнің жеке бақылауымда. Арнайы құрылған комиссия мүшелері күнделікті жұмыс барысын баяндап отыр», - деп жазды облыс әкімі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысының Алға ауданының тұрғындары шошқа фермасындағы біраз кемшілікті атады. Олар фермада ішек-қарынды жою, өлексені залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмейтінін, көму кезінде біраз талаптың сақталмайтынын айтты. Қазір мұнда шошқа сою жұмысы тоқтап тұр. Экологтар да кемшіліктің тіркелгенін растады.



Жоғары қарай