Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбе облысының әкімі діни ағым өкілдеріне қатысты: Оларды «жау» деп есептемейік

2021 жылдың 4 қараша 2021 14:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 2 мыңға жуық адам діни ахуал бойынша есепте тұр. Бұл туралы өңір әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, бұл жерде бұрынғы жылдармен салыстырғанда діни ахуал сондай күрделеніп бара жатыр деп айта алмаймыз. Әрине, деструктивті діни ағымдарда жүрген біраз жерлесіміз бар. Біз түсінуіміз керек. Олар да Қазақстанның азаматтары, сырттан келген бөтен адам емес. Сол тұрғыдан қарауымыз қажет. Әрине адам болған соң, оның саяси да, діни жағынан да көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Біз бір жағынан зайырлы мемлекетпіз», - деген әкім Конституция бойынша діндерге тең құқық берілгенін еске салды.

«Оларға біз «Әрі кет» деп айта алмаймыз. Қолымыздан келгенше артық іске бармағанын тілейміз. Мұндағы бірден-бір мәселе – оларды әлеуметтендіру. Өздеріне, жанында жүрген жолдастарына жұмыс ұсыну, балаларын қалыпты мектептерде оқыту сияқты сияқты бауырға тарту шараларын жасап жатырмыз. Әр ауданда өзінің тиісті жоспарлары бар. Әрине, кейбір аудандарда діни ахуал өте күрделі де болуы мүмкін. Бірақ облыста бұрынғы жылдармен салыстырғанда асып бара жатқан проблема жоқ. Дей тұрғанмен бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Өйткені өңірде 2 мыңға жуық жерлесіміз деструктивті діни ағымдардың есебінде тұр. Біз оны жау деп есептемейік. Өзіміздің ішімізден шыққан бауырлар, жерлестеріміз. Бұларға түсіндіру, әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізіп, жұмыс орнын тауып беріп, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасауымыз керек», - деді Оңдасын Оразалин.


Жоғары қарай