Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде 1800 кезекші сынып ашылады

2020 жылдың 10 тамыз 2020 22:03

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 207 мектептің 15 мыңнан астам оқушысы 1 қыркүйектен бастап мектепке барып, білім алады. Биыл 1800 кезекші сынып ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жаңа оқу жылына дайындық жайын айтты. Облыс бойынша 402 мектеп болса, оның 207-і дәстүрлі түрде білім беруін жалғастырады. Өзгесі қашықтан оқытуға дайындықты бастады.

«207 мектепте 15,5 мың бала бар. Бұл барлық оқушының 9 пайызын ғана құрап отыр. Облыс бойынша 143 мыңнан астам бала қашықтан оқиды. Әрі кезекші сыныптар жұмыс істейді. Балалардың дене қызуы тұрақты өлшенеді, сынып ішінде ауаны тазарту, кварцтау шарасы жиі жүргізіледі. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін бірнеше ауысым болады. Соған сәйкес кесте жасалады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Кезекші сыныптарға балалар ата-ана рұқсатымен алынады. Ақтөбе облысы бойынша 1800 кезекші сынып ұйымдастырылады. Педагогтар жалақысына қосымша үстемақы алады. Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінетін болды.

«Оқулықпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,7 миллиард теңге қаралды. Қазір 18 баспаханамен келісімшарт бар. Жеткізу жұмысы жүріп жатыр. Көбі Алматы қаласынан келеді. Бүгінгі күні мектеп кітапханасындағы оқулық таратылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс 25 тамызда аяқталады», - деді Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, облыс бойынша 17,5 мың компьютер аз қамтылған отбасының балаларына берілді. Ал сұраныс 44,5 мыңды құрайды. Балалар үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Оған 20 мың техника сатып алынады. Ал облыс қазынасынан бөлінген қаржыға 10 мың компьютер таратылады.

«Жаңа оқу жылында барлығын бірдей компьютермен қамтамасыз етілмейді. Себебі мемлекеттік сатып алу, жеткізу мәселесі бар», - деді өңір басшысы.
Жоғары қарай