Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде Абайдың еңселі ескерткіші бой көтерді

2020 жылдың 27 қазан 2020 20:45

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында ақын Абайға ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумы өтті. Оған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ШҚО Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысты.

Әдеби кештен соң ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.

«Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, рухы көрініс тауып келеді. Биылғы мерейтой елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралармен жалғасуда. Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғасын табатын болады» - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.





Ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұ.Есдәулет, ақын А.Бақтыгереева құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Е.Жұрынбаев министрдің арнайы құттықтау сөзін жеткізді. ШҚО Абай ауданының әкімі Ж.Байсабыров ұлы ақынға құрмет көрсетіп жатқан ақтөбелік ағайынға өз алғысын білдірді.

«Ұлы Абай біздің ұлтымыздың ұлы ұстазы, адастырмас ақылшысы, аспанда жарқыраған темірқазық жұлдызы. Оның шығармалары біздің ұлттық идеологиямыздың құрамдас бөлігіне айналды. Биыл Қазақстан және түркі халықтары үшін Абай жылы болды. Сонымен бірге Жазушылар Одағының ұсынысымен Абай күні бекітілді. Абай жылдары қиын-қыстау кезде халықты аман алып шықты. Тәуелсіздік тұсында да өз бағыт-бағдарын Абайға қарап айқындады», - деді Ұ.Есдәулет.





Атап өтейік, ескерткіш Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылы мен Есет батыр көшесінің қиылысында орналасқан. Ескерткіштің авторлары - Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Тоқтар Ермеков және қаламыздағы Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүр, Бөкенбай батыр, Әлия сынды тарихи ескерткіштерінің авторы Жеңіс Жұбанқосов.

Ескерткіш Екатеринбург қаласында жасалынған. Ескерткіштің жалпы биіктігі - 6,20 метр. Бұған дейін Ақтөбеде Абай ескерткіші болмаған.

«Ескерткіші кешігіп болса да ашылды. Бір жағынан қуанамыз, өкініш те бар. Данышпаны, ойшылы жоқ ұлттың рухы төмен болады. Егемендікке рақмет. Ата-баба армандаған уақыт келді. Сол егемендіктің арқасында бүгін біз бабамызға ескерткіш қойып, өз ана тілімізде бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Бүгін біз Абайға емес, өзімізге емес, бір болашаққа жұмыс істедік. Немере мен шөбере осы жерден өткенде «данышпаны бар ұлттың баласымен» деп өссін», - деді А.Бақтыгереева.










Жоғары қарай