Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде ауыл тұрғындары құм таситын кәсіпорын жұмысына қарсы шықты

2021 жылдың 26 мамыр 2021 21:51

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылының тұрғындары іргеден құм тасыған кәсіпорын жұмысына қарсы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елек өзенінен мал су ішеді, суармалы егін шаруашылығына пайдаланамыз. Құм тиеген жұмысшылар өзеннің ағысын өзгертіп жіберді. Су құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Табиғатты қорғайтын, бізге жаны ашитын адам керек. Құмды теміржол маңына тасып жатыр. Үш жыл болды. Атырау мен Ақтауға жіберіп жатқан секілді»,- деді ауыл тұрғыны Дина Майқараева.

Компания ауыл маңындағы карьерден жылына 2 мың тонна құм өндіреді.

Тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу жұмыстарына қажетті шикізатты шын мәнінде Ақтөбе мен Атырауға жөнелтіп жатыр.

«Алға ауданы, Бестамақ ауылында тұрамын. Табиғат бір-біріне байланысты. Құм, тал, су. Құм тазарту құралы болса, ағашты сорғы деп айтар едім. Ағаш кетсе су кетеді, өзен ағысы бұзылса иірім пайда болады. Ал иірімге түскен адам да, мал да аман шықпайды. Таяуда бір бала көз жұмды. Сусыз қаламыз деп қорқамыз», - деді ауыл тұрғыны Қалыбай Көздібаев.








Ауыл тұрғындары өзен маңының қазіргі хәлін бейнекамераға түсіріп, біраз материал жинақтады. Тиісті органдарға арызын да жазған.

«Елек өзенінің жолын бұзды. Ағашты кесіп тастады. Бейіттің жанын қазып, тереңдігін 15-20 метрге жеткізді. Ауыл үшін бұл орны толмас өкініш. Мемлекеттік органдардан жауап ала алмай отырмыз. Талап бойынша карьер орталығы ауылдан 5 шақырым болуы тиіс. Ал бізде 3 шақырымға жетпейді. Үш жыл бойы ешкім назар аудармады, ешкім келмейді. Экологиялық апатты қолдан жасап отырмыз», - дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Жұбанқосов.

Ал Ақтөбе облыстық экология департаментіне Алға аудандық полиция бөлімінен үш іс түсті.

«ПГС» ЖШС-іне қатысты материалда экологиялық заңбұзушылықтар туралы жазылған. Іс инспекторға берілді. Кейін тексеру жүргізіледі. Негізі құм өндіруге қатысты сұрақта рұқсат құжатты экология департаменті бермейді. Сондықтан қазір біз министрлік пен прокуратурадан жауап күтіп отырмыз»,- дейді облыстық экология департаменті бөлімінің басшысы Ғасыр Орынбасаров.








Жоғары қарай