Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбеде үздік тергеушілер анықталды

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 22:40

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаменті үздік тергеуші мен анықтаушыны атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының полиция департаменті тергеушілер мен анықтаушылардың ең үздіктерін іріктеп алды. Өңірдің үздік тергеушісі болып Ақтөбе қаласы Астана ауданы № 1 қалалық полиция бөлімінің тергеушісі Жанар Исмағұлова танылды.




«Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Арманым – қылмыс санын азайту, құқық қорғау саласында абыройлы еңбек ету. Кейде қылмыс орнына шығып, күдіктілермен кездескенде қорқыныш болады. Бірақ мамандық таңдағанда батыл болуды үйрендім», - деді Жанар Исмағұлова. Ол 2019 жылы 100-ден астам қылмысты тергеп, істі сотқа жіберді. Оның 17-і ауыр санаттағы қылмыс.

Ал Ақтөбе облысының ең үздік анықтаушысы - Ақтөбе қаласы Алматы ауданы № 3 қалалық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Айболат Баймурзин. Ол Қаржы полициясы академиясы мен ІІМ Алматы академиясының түлегі. Барлығы 400-ге жуық қылмыстық істі қарап, кідіртпей сотқа жолдаған.

«Тергеушінің де жүрегі мен жаны бар. Біз ақылға, білім мен біліктілікке жүгінеміз, бірақ қай істе болмасын бастысы адамгершілік. Адамдарға зейін бөліп, ерекше ықыласпен тыңдауға тырысамын», - деді Айболат Баймурзин.


Жоғары қарай