Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақтөбелік кәсіпкер ауыл тұрғындарына аспалы көпір салып берді

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 07:42

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде кәсіпкер Қарғалы өзеніне аспалы көпір салып берді. Бұл тұрғындар, соның ішінде оқушылар үшін қауіпсіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.




Ауыл тұрғындары ескі көпірдің жайын «Нұр Ғасыр» мешітіне айтып, көмек сұрады. Ал мешіт имамдары қайырымдылық акциясына белсенді қатысып, халыққа көмек беріп жүрген кәсіпкерге өтінішті жеткізді. Ақтөбе қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясының мүшесі Ардақ Өтегенов Сарбаз ауылы мен Қарғалы тұрғындар массивінде тұратын адамдармен кездесіп, мәселенің мән-жайымен танысты. Кейін көмек көрсетуге шешім қабылдады.


Ол үшін құрылысқа қажетті материалдарға тапсырыс беріп, бір ай бойы жұмысшылар еңбек етті.


«Қалаға автобуспен қатынау үшін және дүкеннен азық-түлікті алу үшін өзеннің арғы бетіне жиі өтуге тура келеді. Жыл сайын су көтерілгенде ескі көпірді шайып кететін еді. Сондықтан сапасы сын көтермейтін. Тайыз болса, суды кешіп өтіп жүрдік. Енді міне, сапалы көпір салынғанын көріп, қуанып отырмыз. Мұны жасап берген азаматқа айтар алғысымыз мол», - дейді «Гаухар» бау-бақша ұжымының тұрғыны Тамара Мұхамбетиярова.


Айта кету керек, Ардақ Өтегенов бұдан бұрын балаларға спорт алаңын салып берді.


Жоғары қарай