Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алдағы 10 күнде еліміздің энергия жүйесі 1 150 МВт-ға ұлғайтылады - министрлік

2021 жылдың 12 қараша 2021 16:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 10 күнде еліміздің энергия жүйесі тағы 1 150 МВт электр қуатына ұлғаятын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Павлодар облысының электр станцияларын аралау барысында кеңес өткізді, онда станциялардың жөндеу науқандарын орындау, Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімін әзірлеу және Батыс Қазақстанның қалалары мен аудандарын елдің Біртұтас энергия жүйесіне қосу туралы мәселелер талқыланды.

Бұған қоса, министр Екібастұз ГРЭС-1-де бірінші энергия блогын қалпына келтіру және Екібастұз ГРЭС-2-де үшінші энергия блогын салу және Павлодар облысының станцияларында жөндеу жұмыстарын жүргізу жобаларын іске асыру барысымен танысты.

Екібастұз ГРЭС-1 энергия блогын, сондай-ақ Ақсу ГРЭС-індегі турбоагрегат пен қазандық агрегатты жөндеу жүзеге асырылғаннан кейін желіге қосу бойынша дайындық жұмыстары аяқталуда. Ұлттық электр желісіне енгізілетін жиынтық қуат 650 МВт болмақ. Қараша айының соңына қарай Екібастұз ГРЭС-2-дегі энергия блогын жөндеу аяқталмақ, бұл елдің энергия жүйесіне тағы 500 МВт қосады.

Министр бұл жұмыстарды 10 күн ішінде аяқтап, энергоблоктарды іске қосуды тапсырды. Осылайша, елдің энергия жүйесі тағы да 1150 МВт электр энергиясына ұлғаяды.

Кеңес қорытындысы бойынша министр энергия өндіруші ұйымдарға жөндеудегі жабдықтарды уақтылы іске қосу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Бұл ретте жөндеу сапасының төмендеуіне жол берілмеуі керекү

Сондай-ақ 2022 жылы генерациялайтын жабдықты жоспардан тыс ажыратуды қатерін болдырмау үшін жазғы жөндеу науқанын жүзеге асыруды жоспарлау бойынша мәселені Жүйелік оператормен пысықтауды тапсырды.

Жүйелік операторға («KEGOC» АҚ) болжамды теңгерімді әзірлеушілермен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімінің қорытынды нұсқасын 15 қарашадан кешіктірмей Энергетика министрлігіне енгізу жөнінде тапсырма берілді.


Жоғары қарай