Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алексей Цой вакцинациядан кейін коронавирустан қайтыс болғандар санын жария етті

2021 жылдың 20 тамыз 2021 17:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинациядан кейін коронавирустан қайтыс болғандар санын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, коронавирус инфекциясынан 4 969 адам, оның ішінде вакцинация алған 115 адам қайтыс болды. Яғни, бұл жалпы қайтыс болғандардың 2,5 пайызы. Қайтыс болғандардың басым бөлігі, 97,7 пайызы вакцина алмағандар. Бізде өңірлер ішінде де мәліметтер бар. Вакцина алғанымен қайтыс болған адамдарда созылмалы аурулары болған. Дәл осы жайт олардың жай-күйлерінің нашарлауына және өліміне себеп болған», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, созылмалы аурулары бар азаматтарға вакцина алуға кеңес беріледі. Өйткені, олар қатер төнетін топқа жатады.

«Бірақ, тағы да қайталап айтқым келеді, қайтыс болған азаматтардың басым бөлігі вакцина алмаған. Күрделі аурулардың барлығы семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамыр жүйесіндегі, тыныс алу жүйесіндегі ауруларға байланысты»,- деді ол.

Осы ретте министр вакцина алғаннан кейін қай өңірде қанша адам қайтыс болғанын да атап өтті.

«Қазақстанда вакцинациядан кейін 115 адам қайтыс болды. Ақмола облысында – 2, Ақтөбе облысында – 5, Алматы облысында – 3, Алматыда – 17, Атырау облысында – 1, Шығыс Қазақстан облысында – 1, Жамбыл облысында – 6, Батыс Қазақстан облысында – 4, Қарағанды облысында – 9, Қостанай облысында – 1, Қызылорда облысында – 2, Маңғыстау облысында – 2, Нұр-Сұлтанда – 32, Павлодар облысында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Түркістан облысында – 0, Шымкент қаласында 27 адам», - деді Алексей Цой.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Коронавирус, Вакцина,
Жоғары қарай