Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Әлемде сирек кездесетін жабайы түйе Ақсай ауданында мекендейді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2020 жылдың 24 мамыр 2020 13:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Әлемде сирек кездесетін жабайы түйе Ақсай ауданында мекендейді - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)





Қытайдың Гансу провинциясындағы Ақсай Қазақ автономиялық ауданы жабайы хайуанаттар мен өсімдіктер кең тараған өңірлердің бірі саналады, деп жазады kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ақсай Қазақ автономиялық ауданында Қанамбар мемлекет түйекиік қорығы, Қалтын халықаралық аң аулау аймағы, Айнакөл жыл құстары мекені қатарлы көптеген қорықтар бар.

Айта кетерлігі жабайы түйе – қаптағайды Қытайдағы қандастарымыз «түйекиік» деп атайды. Бұл атаудың «таутайлақ» деген нұсқасы да кездеседі. Жоғарыда айтылған қорықтардың ішіндегі «Қанамбар мемлекеттік түйекиік қорығы» аталатын ерекше нысанда Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген қаптағай мекендейді. Бүкіл жер шарында 1 000 жуық осындай жабайы түйе бар болса, соның 420-470-і Қытайда тіршілік етеді. Бұл тіптен әлемде ерекше қорғалатын пандаларданда саны аз, сондықтан Халықаралық табиғат қорғау одағы қаптағайды сирек кездесетін жануарлардың санатына жатқызған.

«Қанамбар мемлекеттік түйекиік қорығы - Ақсай Қазақ автономиялы ауданының Қанамбар ауылында орыналасқан. Ол Алтын тауының солтүстігіндегі теңіз деңгейінен 3 100 метр биіктікте жатқан, аумағы 396 мың гектар жерді қамтитын аймақ. Қорықта 120 түрлі құрлық жануары бар болса, оның ішінде мемлекеттік қорғауға алынған түйекиік, тибет құланы, ілбіс (қар барысы), бүркіт секілді 28 түрлі аң бар. «Қанамбар жабайы түйекиік» қорығы 1982 жылы құрылған», - деп жазады CNR.





Ақпарат көзінің дерегінше, Қытай жерінде осы Ақсай ауданындағы Қанамбар мемлекет осындай қорықтан басқа тағы екі қорық бар. Бұлар Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Лобнор жабайы қаптағай ұлттық қорығы мен солтүстіктегі Қытай-Моңғолия шекарасына орыналасқан қаптағай қорығы. Халқаралық беделді сарапшылар тобының зерттеуіне сәйкес, Қытай мен Моңғолия шекарасында орыналасқан қаптағай қорығында 100, Лобнор қорығында 120, ал Ақсай ауданындағы Қанамбар қорығында 300 ден астам жабайы түйе мекендейтінін анықтаған. Бұның өзі тұқымы құруға айналған қаптағайдың ерекше қорғауға алынғанының нәтижесінде ғана мүмкін болып отырғанын көрсетеді.

Еске сала кетейік, түйекиікті белгілі ғалым Әуелқан Қалиұлының сипаттауынша, қолға үйретілген үйемен салыстырғанда, сыптығыр да биік, сирақтары ұзындау, табаны кішілеу, мойны сұңғақтау, өркеші тік дөңгелектеу, кішкене әрі үшкілдеу. Үнемі бұта жейтіндіктен тісі де кедір-бұдыр болып келеді. Егде тартқан бурасының биіктігі 1,8-1,9 метр, ұзындығы 3-4 метр болған.


«Ертұғрыл» сериалы үш айда 21 миллион рет тамашаланды - TRT





Османлы мемлекетінің іргетасын қалаған Ертұғрыл Ғазидің өмірі мен Кайы руының күресін баяндайтын «Ертұғрыл» сериалы 71 елге сатылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«2014 жылы түсірілімі басталған, бес маусым бойы көрсетілген Түркия Телерадио корпорациясының таңдаулы телехикаясы 150-ші бөлімде аяқталды. Аяқталғанына бір жыл болғанына қарамастан сериал YouTube және экспорт етілген елдерді әлі де тамашалануда. Ағылшын, урду, араб тілдері секілді 25-тен астам тілге аударылған телехикая түрлі тілдерде 2 миллион 900 мың абонентке жетті. 515 миллион рет тамашаланды. Коронавируспен күресіп жатқан әлем енді цифрлық платформаға бет алғандықтан телехикая соңғы 90 күнде 21 миллион 200 мың рет қаралды. Телехикая Пәкістан премьер-министрі Имран Ханның нұсқауымен елдің мемлекеттік теледидарында рамазан айының бірінші күнінен бастап қайта көрсетілуде», - деп жазады TRT.


Кітап әлемі: Өмір-қымбат - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)





Қытайдың «Орталық халық радиосының» (CNR) құрамына кіретін Бейжіңдегі қазақ радиосының биылғы жылғы тың жобаларының бірі «Кітап әлемі» атты жаңа бағдарламасы тыңдармандарына жол тартты, деп хабарлайды kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл бағдарламада әлемдегі таңдаулы, классик, тартымды кітаптарды талғамды оқырмандардың өзіндік қорытындысымен бірге таныстырып, жалпы оқырманға қысқа уақыт ішінде бір кітаптың оқиға желісі мен өзекті түйінін түсіндіріп, мазмұндық ойын өзіне сіңіруіне жол ашады. Ал, «Кітап әлемі» бағдарламасының осы кезекті шығарылымында эфирге шыққан жапониялық психолог Nakamura Tsuneko-ның (中村恒子) «Өмір қымбат» атты кітабының өзекті мазмұнын белгілі ақын, журналист Балапан Рабатов тарқатып баяндаған.

«Қытай тілінде «Өмір қымбат» (人间值得) деген атпен жарық көрген бұл кітаптың жапон тіліндегі аты «Жүрегіңде ізгілік болсын» дегенге келіңкірейді. Авторы психолог, дәрігер Nakamura Tsuneko 90-ға келгенше сансыз науқасты емдеп жазған. Өмірден жиған тәжірибесін, алған тағылымын осы кітапта қорытып, қызмет, махаббат, адамдар арасындағы қарым-қатынас, бақыт, өлім сынды тақырыптар аясында кеңес беріп, тығырыққа тірелген жандарға жол нұсқайды. Өмірдегі барлық адамның көңілінде қалайда бір сызат болатындығын, яғни көңілі кірбеңсіз жанның болмайтынын айтады. Тоқсанға келсе де демалуды білмейтін Nakamura Tsuneko өмір бойы бір кітапты жазумен айналысқан. Ол өзінің ойпыл-тойпыл ғұмырында сұрапыл соғысты да басынан өткерген, экономика құлдырап, жоқшылық жайлаған кезеңді де көрген. 70 жыл психологиядан кеңес беріп, науқастардың сеніміне бөленген. Демек, бүгін сіздерге таныстырған кітап Nakamura Tsuneko дәрігердің өмірлік тәжірибесін, ақыл-парасатын сарқа отырып жазған аса бағалы еңбегі», - деп жазады CNR.

Біз төменде осы «Кітпп әлемі» бағдарламасының талқысына түскен аталған кітаптың өз оқырмандарына ой салған, тағылымды сөз маржандарынан үзінді ұсынамыз.

***

Адамдармен жылы қарым-қатынас жасаудың сыры, қарсы жаққа тым зор үміт артпау болса керек, сонда ғана тату-тәтті өтуге болады.

Адам өмірі жалғыздықтан тұрады, әр адам өз әлемінде жалғыз. Өмірдегі қуаныш пен қайғыны жүректен өткізіп, іштей қорыта біліңіз. Тар жол, тайғақ кешуден өтіп, тұманды түріп, дауылды ысырып, мынау жарық дүниеге күлімсірей қараңыз.





Айталық, жұбайыңыз сізді әуелгідей түсініп, әрдайым сізге жағдай жасай алама? Менше, әр екі жақтың да өзіндік еркі, жеке тіршілігі, тұрмыс дағдысы болары хақ. Оның үстіне бұл үдеріс үздіксіз өзгеріп отырады. Ата-ана әлде аға-бауыр арасында болсын бәрі де ұқсас. Өзгелердің ылғида сенің ығыңа жығыла бермейтіні табиғи. Сондықтан өзгелердің іс-әрекеті сенің күткеніңдей болмай жатса, оған бола құлазып, жабырқамаңыз.

Барлық адамда іштей бәсеке болады, қанша жерден асығы алшысынан түскен жан болсын, оның да бір басына жетер уайымы бар. Отбасының тыныштығы маңдай алды мәселе екенін есіңнен шығармасаң, өзге шаруа өз ыңғайын табады.





Мен ғана кереметпін деген ойдан айықсаң өзіңде жеңілдеп, өзгелер де жайлы сезінеді.

Өмір соқпағында тығырыққа тірелгенде алған бетіңнен қайтпай алға тарта бер, күндердің күнінде дағдарыстан қалай құтылғаныңды өзың де аңдамай қаласың.


Велосипед міну денсаулыққа пайдалы - TRT





Ғалымдардың ауқымды зерттеу нәтижесіне қарағанда жұмысқа велосипедпен жүру ерте өлім қаупін азайтатыны анықталды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«New Atlas интернет парақшасының хабарына қарағанда, Imperial College Лондон ve Cambridge университетінің ғалымдары Ұлыбритания мен Галлерде 1991-2016 жылдар арасында жұмысқа барып-келген 300 мың адамға байланысты зерттеу жүргізген. Нәтижелері «The Lancet Planetary Health» журналында жарияланған зерттеуде жұмысқа велосипедпен барып-келгендердің көлік мінгендермен салыстырғанда ерте өлім қаупінің 20 пайызға, жүрек-қан тамырлары ауруынан өлім мөлшерінің 24 пайызға азайғанын байқаған. Сонымен бірге велосипед мінген топта обр дертіне шалдығу мөлшерінің де 11 пайыз азайғаны анықталған», - деп жазады TRT.


Өзбекстанның халықаралық резервтері 31 миллиард доллардан асты - «ӨзА» ақпараттық агенттігі





Орталық банк Өзбекстанның алтын-валюта қоры туралы ақпараттың соңғы статистикасын жариялады. Оған сәйкес 1 мамыр датасына дейінгі жағдай 31,2 миллиард долларға жеткен. 2020 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 29,1 млрд долларды құраған болатын, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Өзбекстанның ресми резервтері әртараптандырылған болып, негізінен шетелдік активтер арасында басым бөлігі алтынмен реттелген (18,5 млрд доллар), валюта резервінде біршама кем (12,3 млрд доллар). Өзбекстан 2019 жыл қорытындысы бойынша 5 млрд долларға жуық алтын сатқан. Бұл соңғы жылдардағы өте жоғары көрсеткіш. Биыл жыл басында 500 миллионға жуық алтын экспортталғаны хабарланған», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Баян-Өлгей аймағынан 3 депутаттық мандатқа 14 кандидат таласады - KAZNEWS





Мемлекеттік Ұлы Хуралдың (Парламент) 2020 жылғы кезекті сайлауына депутатқа түсуге үміткерлердің есімі белгілі болды, деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«Баян-Өлгей аймағынан (облыстық деңгейдегі округ) Парламент сайлауына түсуге 2 партия, 3 коалициядан 13 кандидат және 1 өзін-өзі ұсынушының есімі белгілі болды. Олар Парламенттегі 3 депутаттық мандатқа таласады. Моңғолияның кезекті Парламент сайлауына жалпы 15 партия, 4 коалиция түсетіні белгілі болған. Олар Моңғолия Парламентіндегі 76 орынға таласады. Сайлау комиссиясы бес күннің ішінде үміткерлердің материалдарын қарап, сайлау заңнамаларына сай деп танылса 26 мамырда депутаттыққа кандидат ретінде тіркеу жөнінде қаулы шығарады. Сондай-ақ, Маусымның 2 күні кандидаттарды ресми жариялайды. Куәлік табыс етіліп, сайлау алдындағы үгіт насихат науқаны басталады», - деп хабарлайды KAZNEWS.


Қазақстан Елшісі Иранның Ғылым, зерттеу және технологиялар министрлігінің онлайн отырысына қатысты - «Фарс» ақпарат агенттігі





Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшісі А.Оразбай 18 мамырда Иран Ислам Республикасы Ғылым, зерттеу және технологиялар министрлігінің коронавирус жағдайында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған онлайн отырысына қатысты, деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Іс-шара Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрі М.Ғоламидың төрағалығымен, Иранның жетекші ғылыми, білім беру және зерттеу мекемелері басшыларының, сондай-ақ Аустрия, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Түркия, Швейцария және Оңтүстік Африка Республикасының елшілерінің қатысуымен өткен.

«Қазақстан Республикасының Елшісі өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан коронавирусқа қарсы күрес іс-шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып беріп, ғылым мен білім салаларына ерекше назар аударды. Елші өте қысқа мерзім ішінде Қазақстан оқу үрдісін бұзбай, бүкіл білім беру процесін қашықтан оқытуға көшіре алғанын, бұған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жәрдемдескенін атап көрсетті. Сонымен бірге ол Қазақстан мен Иранның әлеуетін ескеріп, ол қазіргі заманғы интернет-технологияларды қолдана отырып, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл үдерісті ілгерілету бойынша ықпалдастық жасауға қазақ тарапының дайын екенін білдірді. Бүгінгі таңда Қазақстанның 9 университеті Иранның 18 жоғары оқу орнымен ынтымақтастықты жолға қойған. Қазақстандық жоғары оқу орындарында Иранның 28 азаматы, Иран университеттерінде Қазақстан Республикасының 7 азаматы оқиды», - деп жазады деп жазады Рarstoday.


Жоғары қарай